Әскери қызметкер Арман Жұман Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты істе билік өкілетін асыра пайдаланды деп танылып, жеті жыл түрмеге кесілді. Жұманға шыққан үкімді қайта қараған қылмыстық істер жөніндегі әскери сот алқасы осындай қаулы шығарды.
Алдыңғы отырыстар сияқты бұл жолы да процесс жабық өтті. Ақпаратқа қарағанда, істе құпия мәліметтер бар.
"Судьялар алқасы 2022 жылдың 7 қаңтарында сағат 19:30 шамасында сотталушы бақылау-өткізу пунктінде болған кезде өзінің қарамағындағы әскери қызметкерлерге бақылау-өткізу пунктіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ атуға заңсыз бұйрық бергенін анықтады. Соның нәтижесінде көлікте отырғандар – кәмелетке толмаған (2017 жылы туған) [кішкентай қыз] оқ жарақатын алып, мерт болды, кәмелетке толмаған (2006 жылы туған) қыз бес оқ жарақатын алып, денсаулығына ауыр зиян келген" деп хабарлады әскери соттың баспасөз қызметі 5 шілдеде.
Соттың хабарлауынша, жәбірленушілер мен куәгерлердің сөздері, сараптама нәтижесі Арман Жұманның кінәлі екенін дәлелдеген. Бұған дейін оны ақтау туралы шыққан сот үкімінің күші жойылып, жаңа үкім бойынша Арман Жұман "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 451-бабы) кінәлі танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.
Ал Арман Жұман бұған дейін балалар отырған көлікке кім оқ атқанын білмейтінін, өзі көлікті көрмегенін айтқан.
4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты қылмыстық іс бір тоқтап, қайта жалғасқан. 2022 жылдың соңында ішкі істер министрлігі "қылмыс құрамы болмағандықтан" істі тоқтатқан. Кейін іс "Адам өлтіру" бабынан "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабына ауыстырылды. Іс 2023 жылы маусымда сотқа жіберілді.
Сот ақтау және айыптау үкімдерін де шығарды. Былтыр қарашада Алматы гарнизон әскери соты Жұманды ақтады. Биыл наурызда қылмыстық істер жөніндегі әскери соттың сот алқасы бірінші инстанцияда шыққан ақтау үкімінің күшін жойып, Жұманға жеті жыл түрме жазасын бекітті. Ол сот залынан қамауға алынды. Бұған қоса, сот оққа ұшқан бүлдіршіннің әкесіне балаларын қауіпті жағдайда қалдырғаны үшін жеке ұйғарым шығарған.