Accessibility links

Ресей ЕО-ның ондаған ақпарат құралының сайтына кіруді шектейді


Ресейде ондаған еуропалық жетекші бұқаралық ақпарат құралының сайты мен басқа медиа ресурстарына кіруге тыйым салынады. 25 маусымда Ресей сыртқы істер министрлігі осылай деп мәлімдеді. СІМ мұны ЕО-ның ресейлік үш ақпарат құралын бұғаттау шешіміне жауап деп атады.

Ресей СІМ жариялаған тізімде Еуроодақтың 25 елінен 81 басылым бар (Хорватия мен Люксембургтен басқа). Олардың арасында теле және радио компаниялар, газеттер, журналдар, онлайн-БАҚ та бар. Тізімге Германияның Spiegel және FAZ, Францияның Le Monde және Liberation, Испанияның El País, Италияның La Stampa және La Repubblica сайты, тағы France Presse агенттігі және бірқатар елдің қоғамдық телерадиокомпаниясы да ілінген.

Мәскеу Еуропаның медиалары "арнайы әскери операцияның (Ресей Украинаға қарсы соғысын осылай атайды – ред.) барысынан күмәнді ақпаратты жүйелі түрде таратты" деп айыптады. Ресей сыртқы істер министрлігі "егер ресейлік ақпарат құралдарына қойылған шектеулер алынса, Ресей тарабы да өз шешімін қайта қарайды" деді.

24 маусымда Еуроодақ кеңесі Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы 14-санкция пакетін жариялады. Осылайша жаңа санкциялар да күшіне енді. Оған РИА "Новости", "Российская газета" және "Известия" сайттары ілінді. ЕО-да олардың сайтын ашуға шектеу қойды.

Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері миллионнан аса сайт бұғатталды. Соның ішінде Facebook, Instagram және Twitter (қазіргі X) әлеуметтік желілері, сондай-ақ Ресей билігінен тәуелсіз БАҚ сайттары, соның ішінде Азаттық радиосының Орыс қызметі де бар. Ресейліктер бұғаттауды айналып өту үшін VPN-қызметін пайдаланады, билік оларды да үнемі бұғаттайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG