Accessibility links

Ақсуда "жала жабу" айыбы тағылған экобелсендінің ісі тоқтады


Ақсу ауылының тұрғындары (ортада экобелсенді Александр Сизов) президентке үндеу жолдап тұр.
Ақсу ауылының тұрғындары (ортада экобелсенді Александр Сизов) президентке үндеу жолдап тұр.

Ақмола облысында апелляциялық сот алқасы Ақсу кентінің экобелсендісі, осы өңірдегі экология мәселелерін көтеріп жүрген 59 жастағы Александр Сизовке "Жала жабу" бабы бойынша шығарылған әкімшілік сот шешімінің күшін жойған. Мамырдың аяғында қабылданған апелляциялық сот қаулысы күшіне енді, бірақ кассациялық тәртіпте қайта қаралуы мүмкін.

Бұған дейін Степногорск қалалық соты "Сизов алтын өндіру фабрикасына жала жапты" деп, белсендіге 664 мың теңге айыппұл салған еді. Шешімге келіспеген белсенді апелляциялық шағым түсірген. Оны қараған облыстық соттың апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот Сизовтың әрекетін "Жала жабу" бабы бойынша қате анықтады деп тапқан. "Сизовтың іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзу құрамы болмауына байланысты" бұл істі жүргізуді тоқтатқан.

Компанияға сот қаулысына келіспесе, оны қайта қарауға беруге құқы бар.

QARABULAQ GOLD компаниясының сотқа жүгінуіне биыл ақпанда WhatsApp мессенджеріндегі "Ақсу-Кварцитка" чатына түскен видео себеп болған. Онда белсенді Ақсу кентіндегі фабрикадан қалдық қоймаға дейінгі құбырдан "топыраққа сұйық зат ағады" деп хабарлаған. Сизов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.

Сизов апелляциялық сатыдағы сотта алтын өндіретін кәсіпорындардың қызметімен таныс екенін, осы салада біраз жыл жұмыс істегенін айтқан. Ол бұған дейін қоғамдық тыңдауларда зауыт жұмысында қатты әсер ететін заттар қолданылатыны жөнінде ақпарат айтылғанын мәлімдеген. Экобелсендінің сөзінше, ол топыраққа төгілген затты көргенде түсірген видеосын тұрғындарға ғана емес, арасында билік өкілдері де бар чатқа да жіберген.

Ол видеода билікке үндеу жолдап, төгілген сұйық зат улы болуы мүмкін екенін айтқан және экология министрлігінен осы мәселеге назар аударуды сұраған.

– Мен қасақана жалған ақпарат таратумен айналысқан жоқпын, тұрғындарды назар аударуға шақырдым және қауіп болуы мүмкін екенін ескерттім, өйткені ол жер біздің кенттің маңында орналасқан, – деді Азаттыққа белсенді.

Белсендінің үстінен шағым түсірген QARABULAQ GOLD компаниясы Сизов телекоммуникация желісі арқылы Ақсу және Кварцитка елді мекендер тұрғындарына "көрінеу жалған және кәсіпорын беделіне нұқсан келтіретін" ақпарат таратқан деді. Компания Сизов адамдарды "дүрліктіруді" көздеген деп есептейді. Белсенді ол айыпты жоққа шығарады.

Компания өкілдері сотқа кәсіпорын қызметі заңға сай жүргізіледі деп хабарлады. Олар 2024 жылғы 24 ақпанда кәсіпорын құбырынан зиянды заттар аққан жоқ және оған жол бермес үшін жұмыстар жүргізілген деді. Компания апелляциялық сот алқасынан Сизовқа шыққан алдыңғы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Ақмола облысы Ақсу кентінің тұрғыны Александр Сизов басқа да белсенді тұрғындармен бірге Ақсудағы экология мәселесін бірнеше рет көтерген. Оның алтын өндіретін кәсіпорындардың экологияға тигізер зияны туралы айтып, қоғам мен биліктің назарын осы мәселеге бұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG