Accessibility links

"Жалғызтөбемұнай" жұмысшылары тағы да ереуілге шықты


Маңғыстау облысындағы "Жалғызтөбемұнай" жұмысшылары билікке үндеу жолдап тұр. Скриншот.
Маңғыстау облысындағы "Жалғызтөбемұнай" жұмысшылары билікке үндеу жолдап тұр. Скриншот.

Маңғыстау облысында "Жалғызтөбемұнай" компаниясының жұмысшылары 24 маусымда жұмысты тағы тоқтатты. Олар компания әкімшілігі жұмысшылардың талабын орындамай, кейбір қызметкермен еңбек шартын бұза бастады дейді.

Жұмысшылар наразылыққа шықпас бұрын, 17 маусымда компания басшылығына ескерту жіберген. Компания өкілдері оларға "талаптарыңыз заңсыз" деп жауап берген.

Өткен айда компанияның 40 шақты жұмысшысы қызметтен заңсыз шеттетілгенін айтып, наразылыққа шыққан. Басшылық оларды "тиісті сертификат жоқ" деген негізбен шеттеткен. Өздерінде бар еңбек куәлігін жарамсыз деп тапқан. Жұмысшылар жұмысқа қайта алуды, жұмыс куәлігін жарамды деп тануды талап еткен. Он күндей ереуілден соң компания жұмысшыларды келіссөзге шақырып, наразылық тоқтаған.

Бірақ, жұмысшылар сөзінше, басшылық кейін де позициясын өзгертпей, таяуда қызметкерлермен келісім-шартты үзуге қайта кіріскен. "Өткен айда наразылар қатарында болған бір адамды жұмыстан шығарды" дейді жұмысшылар.

Азаттық "Жалғызтөбемұнай" компаниясының басшылығына хабарласты. Қабылдау бөлімі "компания басшысы Серік Серікбаев еңбек демалысында" деді. Ал әкімшілік құрамына кіретін, наразы жұмысшылармен сөйлесіп жүрген екі адам Азаттыққа "бұл дауға Серікбаевтан басқа ешкім пікір білдіре алмайды" деді.

Мамырда Азаттық жұмысшылар ереуілі бойынша компаниядан пікір алу үшін олардың нөмірлеріне бірнеше рет хабарласқан. Сол кезде қоңырауларға жауап берген қызметкер компания басшысы, оның орынбасары мен заңгер орнында жоқ деп мәлімдеген еді.

"Жалғызтөбемұнай" жұмысшылары 2021 жылы да әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп наразылыққа шыққан. Кейінгі бірнеше жылдан бері олар ұжымдық шарт жасауды, жалақыға сыйақы мен декреттік төлемдерді қарастыруды талап етіп келеді.

Бірнеше қызметкердің "тиісті сертификаты жоқ" деген негізбен жұмыстан шығарылғанын бұған дейін аудандық еңбек инспекциясы басқармасы растаған.

Жалғызтөбе кен орнында 120-ға жуық адам істейді, басым бөлігі — қатардағы қызметкер. Кен орны Бозащы түбегінің солтүстік-батысында орналасқан. Облыс орталығы Ақтау қаласына дейін — 240 шақырым. Кен орны әкімшілік орны жағынан Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG