Accessibility links

Нидерланд премьер-министрі Рютте НАТО бас хатшысы болады


Марк Рютте
Марк Рютте

НАТО-ға мүше 32 елдің бәрі әскери одақтың бас хатшысы лауазымына ұсынылған Нидерланд премьер-министрінің кандидатурасын қолдады деп хабарлады Politico басылымы. Марк Рютте НАТО-ның қазіргі бас хатшысы норвегиялық Йенс Столтенбергтің орнына келеді.

Оны биыл шілдеде ұйымның Вашингтонда өтетін саммитінде ресми түрде тағайындауы мүмкін. Рютте бұл қызметте бес жыл болады.

Рюттені соңғы болып қолдағандар – Словакия мен Венгрия. Олар Нидерланд премьер-министрінің кандидатурасын сейсенбі, 18 маусымда мақұлдады.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан бірнеше ай бойы Рюттенің кандидатурасын қолдауға келіспеген, алайда ол Нидерланд премьер-министрінен Будапешт НАТО-ның Украинаға көмегінен бас тарта алады деген уәде алды. Кейін Орбанның өзі Столтенбергпен жасалған келісімді растап, Рютте де осындай саясатты жалғастырады деп үміттенетінін айтты.

Рютте Словакия қолдауын алу үшін НАТО оның әуе кеңістігін қорғауға көмектеседі деп уәде берді. Ол Братислава өз мүмкіндіктерін күшейткенге дейін жалғасады.

Рюттеден басқа жалғыз үміткер Румыния президенті Клаус Йоханнис болды. 20 маусымда ол өз кандидатурасын алатынын мәлімдеді.

НАТО-ның жаңа бас хатшысы 2 қазанда қызметіне кіріспек. Оның алдағы негізгі міндеті – әскери одаққа мүше елдерде қорғанысқа бөлетін қаржы көлемін жалпы ішкі өнім көлемінің (ЖІӨ) 2 пайызына дейін арттыру. Politico жазуынша, Нидерланд бұл көрсеткішке биыл ғана жеткен, ал мұндай мақсат туралы уәде 10 жыл бұрын айтылған.

НАТО-ның бағалауына сәйкес, әскери шығындардың көзделген көрсеткішіне ұйымдағы 32 елдің тек 23-і жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG