Accessibility links

Қазақстанда вейптерді сатуға және жарнамалауға тыйым салатын заң күшіне енді


Қазақстанда денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң күшіне енді. 20 маусымнан бастап шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, оларға арналған хош иістендіргіштерді және сұйық заттарды сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған 19 сәуірде қол қойған. Өзгертулер толықтырулар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" заңға енгізілді.

Оларға сәйкес, Қылмыстық кодекске "Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйық заттар айналымы" (301-1-бап) бабы енгізілді.

Вейп сатқан және таратқан адамға 200 АЕК айыппұл (738 400 теңге) я 200 сағат қоғамдық жұмыс міндеттеу не 50 күнге қамау жазасы тағайындалады.

Ал елге вейп әкелгендерге және оны өндіргендерге заңға сәйкес, 2000 АЕК көлемінде (7,3 миллион теңге) айыппұл я 600 сағат қоғамдық жұмыс міндеттеу немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу я бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Егер мұны қылмыстық топ бірнеше рет қайталаса, аса ірі мөлшерде табыс алумен байланысты болса 5000 АЕК (18,4 миллион теңге) айыппұл я 1200 сағат қоғамдық жұмысқа салу немесе 5 жылға бостандығын шектеу я бас еркіндігінен айыру жазасы белгіленеді.

2023 жылы шілдеде үкімет вейптерді, оларға арналған сұйық заттар мен хош иістендіргіштерді сатуға тыйым салу жоспарын жариялаған. Билік бұл шара балаларды базарларда және тұрғын аудандардағы шағын азық-түлік дүкендерінде ашық түрде сатылатын вейптерді қолданудан сақтау үшін қажет деп түсіндірді.

Темекі нарығы жөніндегі жергілікті қауымдастық толық тыйым салудың орнына күмәнді өнімдер мен таңбаланбаған тауар сатуды анықтауды, кәмелетке толмағандарға вейп сатуға тыйым салуды ұсынған. Жаңа заңды сынағандар вейп сатуға тыйым салу көлеңкелі нарықтың ұлғаюына және темекіге тәуелді адам санын көбейтуге әкелуі мүмкін деп айтқан.

1 шілдеден бастап Қазақстанда ішінде 20 данасы бар бір темекі қорабы үшін ең төменгі баға 6,5 пайыз, қазіргі 770 теңгеден 820 теңгеге дейін өседі, ал 2025 жылдан бастап тағы алты пайыз көтеріліп, 870 теңге болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG