Accessibility links

Құқық қорғау ұйымдары Орталық Азия елдерін азаптауға қарсы нақты шаралар қолдануға шақырды


Қаңтар оқиғасында Алматы алаңында тұрған полиция. 2022 жылдың қаңтары
Қаңтар оқиғасында Алматы алаңында тұрған полиция. 2022 жылдың қаңтары

26 маусым – Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні бірнеше құқық қорғау ұйымы Орталық Азия елдерінің үкіметтерін азаптауға нүкте қоятын нақты шаралар қолдануға шақырды.

Қазақстан мен Тәжікстандағы азаптауға қарсы коалиция, Францияда орналасқан Орталық Азиядағы адам құқығы қауымдастығы, Австриядағы Түркімен адам құқығы бастамасы, Адам құқығы бойынша Хельсинки қоры мәлімдемесінде "Орталық Азияда азаптау әлі де кең таралған" дейді. Құқық қорғаушылар саяси астармен ұсталғандардың да азапталатынына алаңдаушылық білдірген.

Құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесінде Қазақстанда азаптау әлі де үлкен мәселе болып тұрғаны, ал азаптағандар жауапсыз қалып жатқанын айтады.

Құқық қорғаушылар 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында азаптау жайлы шағым көп түскенін, бірақ оларды тергеу халықаралық стандарттарға сай болмағанын айтады.

"Көп іс қылмыс құрамы жоқ деп уақытынан бұрын жабылды. Бұған қоса, азапталғандардың кейбірі қорғаушысыз қалды. Бас прокуратураның 2024 жылдың қаңтарындағы мәліметі бойынша, органның 34 қызметкері азаптау бойынша сотталған, 50 іс әлі жалғасып жатыр. Демек бұл деректер Қаңтар оқиғасында фактілердің көптігіне қарамастан қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша жауапқа тартылғандар аз екенін көрсетеді" деп жазылған мәлімдемеде.

Құқық қорғау ұйымдары мәлімдемесінде Орталық Азия елдерінде азаптауға қатысты кейбір оң қадамдар жасалса да, заң қағаз жүзінде өзгерсе де, бұл шараларды тиімді түрде жүзеге асырылмай жатқанын айтады.

  • 2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кемінде 238 адам қаза болды. Күш құрылымдарының өкілдері мен әскери қызметкерлер президенттің бұйрығымен қару қолданған. Мыңнан астам адам қамалып, сотталды. Олардың көбі қамау кезінде азаптауға ұшырағанын мәлімдеген.
  • Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы бұған дейін Астана Қаңтар кезіндегі адамдарға оқ ату мен азаптау істерін "біржақты тергеді" деп мәлімдеген. Астана HRW мәлімдемесімен келіспеген. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен жан-жақты тергеуге шақырып келеді. Ақорда ұсыныстан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG