Accessibility links

Еревандағы наразылық кезінде 100-ден аса адам зардап шекті


Ереванда үкіметке наразылық білдіріп көшеге шыққан адамдар мен полиция жұлқыласып жатыр. 12 маусым, 2024 жыл.
Ереванда үкіметке наразылық білдіріп көшеге шыққан адамдар мен полиция жұлқыласып жатыр. 12 маусым, 2024 жыл.

Ереванда 12 маусымдағы митинг кезінде 101 адам зардап шекті, олардың арасында наразылар да, полицейлер де бар. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйеніп, "Армения қоғамдық радиосы" хабарлады.

Медициналық көмек алған 85 адам ауруханадан шыққан, қалғаны ем алып жатыр. Зардап шеккендер жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат алған.

Armenia Today телеграм-арнасы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сүйеніп, наразылық кезінде 18 полицей зардап шекті деп жазды.

Армениядағы наразылық бірнеше аптадан бері жалғасып жатыр. Наразылар премьер-министр Никол Пашинян мен оның үкіметі қызметін доғарсын деп талап қойған. Олардың басым бөлігі – "Отан үшін Тавуш" қозғалысын жақтайтындар. Бұған дейін олар Армения премьер-министрі лауазымына қозғалыс лидері, архиепископ Баграт Галстанянды ұсынған.

12 маусым кешке үкімет отырысы өтіп жатқан кезде, орталық алаңға митингіге шыққан адамдар парламент ғимараты маңындағы қоршауларды алып тастап, ішке кіруге талпынды. Кейін полиция оларды күштеп тарата бастады.

Армениядағы наразылыққа Әзербайжанмен арадағы шекара келісімі түрткі болды, Ереван шекарадағы бірнеше ауылды Бакудің бақылауына беруге келіскен. Тараптар делимитация туралы құжаттарға сәуірдің аяғында қол қойды. Келісім Тавуш аймағындағы төрт ауылдан басталуы керек еді. Олар екі ел армиясы позициялары арасындағы бейтарап аймақта орналасқан.

Армения тергеу комитеті ұсталған адамдардың үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG