Accessibility links

Қырғыз депутаттары уран кен орындарын игеруге мораторийді жоюды мақұлдады


Қырғызстан парламенті.
Қырғызстан парламенті.

Қырғызстан парламенті – Жогорку Кеңеш депутаттары 13 маусымда екінші және үшінші оқылымда ел аумағындағы уран және торий кен орындарын барлау мен игеруге бұған дейін енгізілген мораторийді жою туралы заң жобасын мақұлдады.

Бұл заң жобасы күшіне енсе, "Қырғызстанда уран, торий кен орындарын іздеу, барлау және игеру мақсатында жер қойнауын геологиялық зерттеуге тыйым салу туралы" заңның күші жойылады. Биыл ақпанның аяғында министрлер кабинеті ұсынған заң жобасы мамырдың ортасында парламентке түскен.

Министрлер кабинеті уран және торий кен орындарын игеруге тыйым салу туралы заң жерді, су объектілерін, өсімдіктер мен жануарларды қорғауға бағытталғанына қарамастан "оны қолдану халықаралық және ұлттық дағдарыс құбылыстарының экономикаға және тұтас алғанда елдің дамуына кері әсерін күшейтті" деген.

Қырғыз үкіметі бұл заң жобасын ұсынар алдында ел президенті Садыр Жапаров билік органдары Ыстықкөл облысындағы Қызыл-Омпол уран кен орнын игеруді жоспарлап отыр деп хабарлаған. Жапаров сол кезде Қызыл-Омполда уран кені аз екенін және онда жұмыс басталса, уран мен торий кен орындарын игеруге тыйым салу туралы заң өзгеретінін айтқан-ды.

Президент әкімшілігінің мәліметінше, Қызыл-Омпол кенішінде 14 млн 757 мың тонна кен бар. Оның 95 пайызы титанды магнетит, 3 пайызы фосфор, 2 пайызы цирконий, 0,22 пайызы торий және 0,17 пайызы уран.

Қызыл-Омполдағы уран өндірісін қайта жандандыру мәселесі 2019 жылы да қозғалған. Алайда Бішкектегі және Ыстықкөл облысындағы наразылық акцияларынан кейін билік одан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG