Accessibility links

Ресей шабуылынан Кривой Рогта тоғыз кісі өліп, 29 адам жараланды


Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасаған Украинаның Кривой Рог қаласы, 12 маусым, 2024 жыл.
Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасаған Украинаның Кривой Рог қаласы, 12 маусым, 2024 жыл.

Ресей әскері 12 маусым күні түстен кейін Украинаның Кривой Рог қаласына зымыранмен шабуыл жасады. Днепропетровск облысы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысактың айтуынша, әскери ракета тұрғын үйлерге түскен. Шабуылдан тоғыз кісі қаза тауып, кемінде 29 адам жараланған, оның бесеуі – бала.

Кривой Рог қорғаныс кеңесінің басшысы Александр Вилкул қалада көмек штабы ашылды деп хабарлады. Шабуылдан зардап шеккендер ол жерден қажет заттарын ала алады, үйі қираған тұрғындар уақытша баспанаға көшеді.

Украина президенті Владимир Зеленский телеграм-арнасында бұл оқиға Украина мен оның серіктестеріне әуе шабуылына қарсы қорғанысты нығайту керегін тағы да дәлелдейді деді. Украинаға қазіргі заманғы әуе қорғанысы жүйелері аса қажет, Зеленский одақтас елдерінен оларды көбірек жеткізуді сұрайды.

Ресей Украинаға күн сайын шабуыл жасап жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі тек әскери нысандарды нысанаға алып жатқанын айтады. Ресей әскери басшылығы бейбіт тұрғындар өлімі мен тұрғын үй және азаматтық инфрақұрылым бүлініп жатқанына қатысты пікір білдірмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG