Accessibility links

Ресей әскері түнде Украинаның энергия нысандарына шабуылдады. Олар 53 ракета мен 47 дрон жіберген


Ресей әскері 1 маусымға қараған түні Украинаның энергетика инфрақұрылымдарын атқылады. Бұл жөнінде Украинаның энергетика министрі Герман Галущенко мәлімдеді.

Оның сөзінше, Украинаның Запорожье, Днепропетровск, Донецк, Кировоград және Иван-Франков облыстары соққыға ұшыраған.

Донбасс отын энергетикалық компаниясы (ДТЭК) өкілдерінің айтуынша, ресейлік әскери қызметкерлер компанияның екі жылу электр станциясын атқылап, жабдықтар қираған.

"Екі жарым ай ішінде осымен ДТЭК-ке алтыншы рет жаппай шабуыл жасалып отыр" деп жазылған ұйымның хабарламасында.

Запорожье облысында шабуылдың салдарынан 20 тұрғын үй мен әлеуметтік саладағы бір нысан бүлінген, адамдар зардап шекпеген деп жазды облыстық әкімшіліктің жетекшісі Иван Федоров.

Днепропетровск облысында шабуылдың салдарынан энергетика инфрақұрылымында бірнеше өрт тұтанған, зардап шеккендер жоқ деп хабарлады Днепропетровск облысының жетекшісі Сергей Лысак. Сенбі күні таңертең Ресей әскері Покровск қауымдастығын атқылап, төрт адам жараланған.

Кировоград облысы әкімшілігінің жетекшісі Андрей Райкович аймақта энергетика нысандарына соққы жасалғанын жазды. Оның айтуынша, ешкім зардап шекпеген.

Иван-Франков облысында да энергетикалық нысан атқыланған, ешкім жараланбаған. Алайда атқылаудан кейін нысаннан өрт шығып, жүзден астам өрт сөндіруші мен 33 техника жұмылдырылған. Бұл жөнінде облыс әкімшілігінің жетекшісі Светлана Онищук хабарлады.

Харьков облысында таңғы сағат 5-те Ресей әскері Изюм ауданының Балаклея қаласына шабуылдаған. Соның нәтижесінде 12 адам зардап шеккен, арасында 8 бала бар деді аймақтың жетекшісі Олег Синегубов.

Оның сөзінше, соққы жасалған кезде үйде 12 адам болған: төрт ересек (біреуі аяғы ауыр әйел) және 2 мен 17 жас аралығындағы 17 бала болған.

Украинаның ішкі істер министрі Игорь Клименконың айтуынша, Днепропетровск облысы Никополь қаласында автобусқа дронмен шабуыл жасалып, 4 адам зардап шеккен. Львов облысында да атқылаудан 4 адам зардап шеккен.

Украинаның әуе күштерінің хабарлауынша, бір түнде Ресей Украина аумағына 53 ракета мен 47 дрон жіберген. 35 ракета мен 46 дрон атып түсірілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG