Accessibility links

Астана мен Сеул энергетика және мұнай химиясы салалары бойынша келісімге қол қойды


Оңтүстік Корея Орталық Азиядан не іздейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

12 маусымда Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттері кездесіп, бірқатар құжатқа қол қойды.

"Бүгін кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамытуға уағдаластық. Өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын айқындадық" деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуден кейін өткен брифингте.

Ақорда жариялаған ақпаратқа сәйкес, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль "сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келісімге қол жеткіздік" деп айтқан.

Келіссөздерде бірқатар сала бойынша, соның ішінде энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіптегі ынтымақтастықты нығайтуды талқылаған. Бұдан бөлек, сирек кездесетін металдарды бірге зерттеу және өндіру мәселесін де қарастырды дейді Ақорда.

Екі ел энергетика саласын дамыту бағытындағы және мұнай-газ және мұнай химиясы саласындағы ынтымақтастық бойынша келісімдерге қол қойды.

Тоқаевтың айтуынша, Сеул – Қазақстанның Азия–Тынық мұхиты аймағындағы "маңызды стратегиялық серіктестерінің" бірі. Астананың сыртқы сауда айналымы бойынша Корея төртінші орында тұр, тағы елдегі ең ірі шетел инвесторлары ондығына кіреді. Ресми ақпаратқа сәйкес, Корея – Қазақстанның ең ірі бес инвесторының бірі.

Қазақстан президенті елде корей капиталы бар 700-ден астам компания қызмет етеді дейді. Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жеткен.

Оңтүстік Корея – Қазақстаннан көп мұнай сатып алатын елдердің бірі. 11 маусымда президент Юн Сок Ёль алғаш рет Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, ол бұл қызметке 2022 жылы мамырда кіріскен. Оңтүстік Корея өкілдері Астанаға үш күнге келді. Сапар аясында корей диаспорасымен кездесу болмақ.

Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпарат агенттігі бұл сапар маңызды пайдалы қазбаларды жеткізу тізбегінде Қазақстанмен экономикалық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған деп хабарлады.

Апта басында Оңтүстік Корея президенті Түркіменстанға сапарлап, сол елдің президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер жүргізген. Екі тарап экономика саласындағы өзара алмасу маңыздылығын растап, газ және химия, кеме шығару, тоқыма өнеркәсібі, көлік, ақпарат және байланыс, қоршаған ортаны қорғау сияқты салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге келіскен.

Оңтүстік Корея президентінің Орталық Азияда бір апта бойы жүретін сапарының мақсаты – пайдалы қазбалар саласындағы және басқа да негізгі секторлардағы ынтымақтастықты кеңейту. Юн Сок Ёль 13-15 маусымда Өзбекстанға барып, президент Шавкат Мирзияевпен кездеспек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG