Accessibility links

АҚШ-та ИМ тобына қатысы бар деген күдікпен сегіз тәжік азаматы ұсталды


АҚШ-та "Ислам мемлекеті" (ИМ) террор ұйымымен байланысы бар деп күдікке ілінген Тәжікстанның сегіз азаматы ұсталды. Оларды АҚШ-тың иммиграция және кеден бақылауы қызметі (ICE) ФБР-дің терроризмге қарсы біріккен жедел тобымен бірге ұстаған.

Бұл туралы сейсенбі, 11 маусымда америкалық бірнеше телеарна, соның ішінде ABC News, құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сүйеніп хабарлады. Олардың айтуынша, ұсталғандардың бәрі АҚШ-қа сол елдің оңтүстіктегі шекарасынан кірген. Бірінші тексеруде олардан ешқандай қауіп сезбеген соң АҚШ-та қалуға рұқсат берген. Ұсталған алты адам – Ресей азаматы деген хабар тарады.

Бұл адамдарды ресми түрде иммиграция заңын бұзды деп ұстаған, оларға әлі терактіге байланысты айып тақпады. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ билігі қазір оларды елден депортациялауға құжат дайындап жатыр.

Басылым дерегінше, күдіктілер қазір иммиграция және кеден бақылауы қызметінде отыр. Ол жердегі шенеуніктердің айтуынша, кемі екі ер адам шекарадан 2023 жылы көктемде өткен, олардың бірі мигранттарға баспана алуға өтініш беру үшін кездесуге жазылуға арналған CBP One қосымшасын пайдаланған. Ол қосымшаны Байден әкімшілігі шығарған.

Осы жағдайдан хабары бар NBC-дің үш дереккөзі ФБР Орталық Еуропадан келетін террор қаупінен хабардар деп айтты, сондықтан ФБР қызметкерлері жалпы қауіп-қатерді тергеу аясында бұл адамдарды бақылай бастаған.

Америка үкіметінің жоғары дәрежелі шенеунігінің айтуынша, ФБР агенттері бұл адамдарды бірнеше ай бойы бақылаған: оларды тыңдап, "ұсталғандардың бірі бомбалар туралы айтқанын" анықтаған.

Азаттықтың Тәжік қызметі — Озоди радиосы кейінгі екі жылда АҚШ-қа Тәжікстаннан жүздеген мигрант Мексика арқылы заңсыз барған деп жазды. Олардың басым бөлігі АҚШ-тан пана сұраған. Жақында Америка билігі иммигранттарға елге кіру шартын қатаңдатты.

Өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден елге заңсыз келген мигранттарға баспана сұрауға өтініш беруге тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, Орталық Азия елдерінен барған заңсыз мигранттардың бәрі елден дереу шығарылуы керек. Оның алдында иммиграция және кеден бақылауы қызметінің мигранттарды өз бетінше депортациялауға құқығы жоқ еді, мұндай шешімді тек сот шығара алатын.

Бұл бұйрықты әзірге Сан-Диего секторында орындайды, заңсыз мигранттар Мексика шекарасынан АҚШ-қа көбіне сол жақтан өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG