Accessibility links

"Қазатомөнеркәсіп" Түркістан облысындағы жаңа учаскеде уран өндіретін болды


Түркістан облысында уранды жерасты ұңғымада сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының ресми сайтындағы сурет.
Түркістан облысында уранды жерасты ұңғымада сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының ресми сайтындағы сурет.

12 маусымда "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы энергетика министрлігімен келіссөз нәтижесінде Түркістан облысындағы Инкай кен орнының №3 учаскесінде уран өндіруге "стратегиялық маңызды" жаңа келісімшарт алғанын хабарлады.

Инкай кен орны Түркістан облысы Созақ ауданында орналасқан, оның №3 учаскесіндегі уран қоры – 83,1 мың тонна. "Алдағы төрт жылда тәжірибелік-өнеркәсіптік мақсаттағы өндірістен 701 тонна уран алу жоспарланып отыр" деді компанияның баспасөз қызметі.

Компания бұл келісімшарт болашақта толықтай өзіне тиесілі "Қазатомөнеркәсіп – SaUran" ЖШС пайдасына өтеді деп күтеді.

Компания былтыр Инкай кен орнының жаңа учаскесінде уран өндіруді бастау жоспарын хабарлаған.

Компанияның ресми сайтындағы мәліметтерге сәйкес, "Қазатомөнеркәсіп" еншілес, тәуелді, бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріккен 26 кен орнын игеріп жатыр. Олардың бәрі Қазақстан аумағында орналасқан.

Биыл қаңтарда уран бағасы кейінгі 15 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Одан бұрын әлемдегі ең ірі уран өндіруші "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы алдағы екі жылда уран өндіру бойынша қойған мақсаттарына жете алмауы мүмкін екенін хабарлаған. Компания бұған себеп ретінде күкірт қышқылы жетпей жатқанын және кеніштердегі құрылыс жұмыстары аяқталмай жатқанын айтты.

  • Азаттық бұған дейін жариялаған зерттеуінде уран өндіретін 14 компанияның екеуі ғана "Қазатомөнеркәсіпке" 100 пайыз тиесілі екенін, уранның жартысына жуығын шетел компаниялары өндіретінін анықтаған.
  • Ал шетелдіктермен бірлескен 12 кәсіпорынның тең жартысының ортақ құрылтайшылары – "Росатомның" еншілестері. "Росатом" Қазақстандағы 14 кен орнының бесеуінен уран өндіреді.
  • Заң жүзінде Қазақстанда уран өндіру құқығы тек "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясына ғана берілген. Бірақ бұл кен өндірумен осы компания ғана айналысады деген сөз емес.
  • Келісімшарттар жасау мәселесін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекс реттейді. "Қазатомөнеркәсіп" энергетика министрлігінен алынған жер қойнауын пайдалану құқығын басқа компанияға беруі үшін акцияларының кемінде 50 пайызы қазақстандық тарапқа тиесілі болуы шарт. Мұндай талап 2017 жылы күшіне енді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG