Accessibility links

Путин Астанаға саммитке келгенде Ердоғанмен кездесуден үмітті


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 4 қыркүйек, 2023 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 4 қыркүйек, 2023 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 11 маусымда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен шілдеде Қазақстанда өткелі отырған саммит алаңында кездесуден үмітті екенін айтты. Бұл жөнінде ресейлік ақпарат құралдары хабарлады.

"Жақында, білуімше, 3-4 шілдеде ол халықаралық іс-шара аясында Астанада болуы керек", – деді Путин Мәскеуге сапарлап келген Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданға.

"[Ердоғанмен] кездесуге және онымен барлық өзекті мәселені талқылауға мүмкіндік болады", – деді Ресей президенті.

3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді. Түркия осы аймақтық құрылым кездесулеріне "диалог-серіктес" ретінде жиі қатысады. Reuters агенттігінің жазуынша, түрік президенті Ресеймен де, Украинамен де жақсы қарым-қатынаста болуға және екі көрші арасында екі жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыста араағайын ретінде әрекет етуге тырысты.

Путин Түркия сыртқы істер министрімен кездесуде Мәскеу мен Анкара Сирия мәселесін шешуде маңызды рөл атқарды деп мәлімдеген. Ол "Астана форматы" деп аталатын жұмысты жалғастыруды қолдаған.

Сирия бойынша бейбіт келіссөздер Ресей, Түркия және Иран бастамасымен 2015 жылдан бері өтіп келеді және ол БҰҰ-ның Женевадағы Сирия жөніндегі келіссөздерінен бөлек жүреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG