Accessibility links

Bloomberg: ЕО газды Ресейден емес, Әзербайжаннан алғысы келеді


Еуропа Одағы Киевпен бірге Украина арқылы газ транзитін сақтап қалу нұсқаларын талқылап жатыр. Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Еуроодақ Ресейден алып келген газдың орнына Әзербайжан газын алуға ниетті деп хабарлады.

Ресей газын Украина аумағынан Еуропаға жеткізу жөніндегі келісімшарт жыл соңында аяқталады. Киев ресейлік "Газпром" концернімен келісімді ұзартуды жоспарлап отырған жоқ. Украинаның "Нафтогаз" компаниясының өкілі Алексей Чернышов Киевте транзитке қажет инфрақұрылымның бәрі барын айтқан.

Словакия Әзербайжан газын Еуропаға жеткізіп, одан пайда көретін ел болмақ дейді Bloomberg. Агенттіктің жазуынша, Словакия премьер-министрі Роберт Фицо мамырда Бакуге барып келген соң осындай транзит мүмкіндігі туралы айтқан. Фицо келісім орнаса, Братислава Әзербайжаннан газ импорттап, оның бір бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын басқа елдерге жөнелте алады деген.

Транзит айырбас түрінде ұйымдастырылатын болса, мұндай жоспар Ресейге тиімді болмақ. Себебі онда Мәскеу өз отынын басқа аймақтарға жібере алады.

Ресей газының орнына Әзербайжан газын алу туралы шешім қашан қабылданатыны белгісіз. Келісімге майдандағы жағдай да әсер етуі мүмкін.

Ресей газын Украина арқылы Еуропаға жеткізу туралы бес жылдық келісімшартқа 2019 жылы қол қойған. Негізгі сатып алушылар – Словакия мен Австрия.

Украина "Газпроммен" келісімшартқа отырудан үзілді-кесілді бас тартқан. Киев Еуропа компаниялары Украинадан қуатты жалға ала алады деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG