Accessibility links

Қазақстан Украинаның "бейбітшілік саммитіне" қатысу мәселесін әлі шешпеді


Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

Швейцариядағы Украинаның "бейбітшілік саммиті" басталуына бес күн қалды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров 10 маусымда Астанадағы брифингте Азаттықтың "Қазақстан осы саммитке қатысу туралы шешім қабылдады ма?" деген сұрағына жауап берді.

"Бізде әлі ақпарат жоқ. Күтіп отырмыз", – деді СІМ өкілі. Журналистің "яғни, әлі бір шешім қабылданған жоқ па?" деген сұрағына ол "иә" деп жауап берді.

Бұған дейін сыртқы істер министрлігі Азаттыққа берген ресми жауабында Украинадағы соғысты тоқтату мәселесіне арналған жиынға қатысты Астана халықаралық іс-шаралар кестесі мен Қазақстанның ресми ұстанымын ескереді деп айтқан.

Украинадағы соғысты тоқтату жолдары талқыланатын саммит 15-16 маусымда Бюргенштокта (Швейцария) өтпек. Бұдан бөлек, саммитте ядролық және азық-түлік қауіпсіздігі, әскери тұтқындарды босату және Киев тарапы Ресей заңсыз әкетті деп айтқан украин балаларын үйіне қайтару мәселесі талқыланбақ.

Қытай, Сауд Арабиясы саммитке қатысудан бас тартты. Ресейді саммитке шақырмаған. Орталық Азия елдерінен Қырғызстан Украинаның "бейбітшілік саммитіне" қатыспайтынын хабарлаған.

Швейцарияда өтетін саммитке қатысушылар Зеленский ұсынған "бейбітшілік формуласы" мен басқа да мәселелерді талқылайды. Швейцария сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, саммитке 160-тан астам делегация шақырылған. "70-тен астам мемлекет бейбіт конференцияға қатысатынын растады, олардың басым бөлігі – мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде" деп хабарлады министрлік.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG