Accessibility links

Bloomberg: Ресей Африкадан келген студенттер мен жұмысшыларды соғысқа тартып жатыр


Ресей билігі шетел студенттерін, оның ішінде Африка елдерінен келгендерді Украинадағы соғысқа тартып жатыр. Bloomberg агенттігі аты-жөні аталмаған Еуропа елдері шенеуніктеріне сүйеніп осылай деп хабарлады. Олардың айтуынша, Мәскеу үшінші елдерден "мыңдаған" студент пен мигрантты тартқан.

Мақаладағы ақпарат бойынша, студенттер қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға келіспесе, Ресей билігі оларға визасын ұзартпайтынын айтып, сес көрсетеді. Бұл әсіресе Африкадан жұмыс визасымен келгендерге қатысты. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, шетелден барған жастар екінің бірін –я Ресейден мәжбүрлі түрде кетуді, я ресми түрде ерікті болып әскер қатарына қосылуды таңдауға мәжбүр. Bloomberg сөйлескен адамдардың мәліметінше, шетел азаматтарының кейбірі шенеуніктерге пара беріп, әскерге бармай, Ресейде қалып жатыр.

Украинаның барлау деректеріне сүйенген Bloomberg-тің жазуынша, Ресей жалдамалы әскер жинау үшін кемінде 21 елде, соның ішінде Африканың бірнеше елінде науқан жүргізген. Соғысқа тартатындар бұрын Ресейде жұмыс іздеген мигранттар мен студенттерді назарға алады.

Бұған дейін Ресей түрмесінде жазасын өтеп жатқан Африка азаматтарын "Вагнер" жалдамалы әскер тобы қатарына тарту туралы хабар тараған.

Bloomberg бұған дейін Ресей армиясына қосылған жүздеген Непал азаматы туралы да жазған. Агенттік сөйлескен Украина өкілдері тұтқынға түскен ресейлік сарбаздар арасында Африка мен Непал азаматтары жиі кездесетінін растаған. Соғыс тақырыбына жазатын ресейлік телеграм-арналар Ресей армиясы қатарында соғысып жүрген шетелдіктер түскен видео жариялап, әлемдегі көптеген елдің өкілдері соғыста Ресейді қолдайды деп жазады.

"Россотрудничество" басшысы Евгений Примаковқа сүйенген Bloomberg агенттігі қазір Ресейде Африканың 35 мыңға жуық студенті бар деп хабарлады. Олардың арасында қанша адам соғысқа тартылғаны белгісіз. Мақалада ресейлік шенеуніктердің пікірі жоқ, сонымен қатар жалдамалы әскер қатарына қосылды деген африкалықтар туралы нақты дәлел болмай тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG