Accessibility links

Қазақстан Қырғызстан азаматын Ресейдің сұрауымен ұстады


Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Қазақстан билігі 29 жастағы Қырғызстан азаматы Алина Горшенинаны Ресейдің сұрауы бойынша ұстады. Бұл жөнінде жазған Rusnews сайты Горшенина қылмыстық іс бойынша іздеуде жүрген дейді.

Горшенина Мәскеу облысы сотының судьясы Елена Морозова мен прокурор Елена Колосковаға қауіп төндірді деген күдікке ілінген. 2021 жылғы 18 қаңтарда судья Морозова Алексей Навальныйды қамауға алуға пәрмен берген. "Новичок" уымен уланып, өлім аузынан қалған оппозициялық саясаткерді 17 қаңтарда Германиядан Ресейге оралған бетте құқық органдары ұстап әкеткен еді. Прокурор Колоскова да Навальный ісі бойынша сот отырысына қатысқан.

Алинаның анасы Лариса Горшенинаның айтуынша, қызын 2023 жылы Мәскеу облысында судьяға шабуыл жасады деп те айыптап жатыр. Оның сөзінше, Алина Горшенина сол күні Қырғызстандағы Ыстықкөлде болған, Ресейге соңғы рет алты жыл бұрын барған.

Алина Горшенинаны биыл 1 маусымда Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында ұстаған. Анасы Лариса Алинамен бірге Алматыға екі күнге демалысқа бармақ болғанын "Новости Бишкека" редакциясына айтты. Анасының сөзінше, Қазақстан соты Горшенинаны Ресейге экстрадициялау жөнінде шешім шығарған. Ал Rusnews Алинаны тек 40 күнге қамаған және экстрадициялау мәселесі әлі талқыланып жатыр деп жазды дейді Сибирь.Реалии сайты.

"Медиазона" мәліметі бойынша, Горшенинаның есімі ішкі істер министрлігінің іздеу базасында 2023 жылғы 27 желтоқсанға қарай пайда болған. Rusnews ақпаратынша, сол жылы маусымда оның үстінен іс қозғалған. Горшенинаның анасы іс материалдарына сүйеніп, Ресейдегі билік өкілдеріне белгісіз нөмірлерден қоқан-лоқы жасаған деп айтты. Тергеушілер кім екені анықталмаған нөмірлер неліктен Алина Горшенинаға тиесілі деп шешкені белгісіз.

Алина Горшенина – жалғызбасты ана, Лариса Горшенина қызының миында ісік барын, бүйрегі ауыратынын және қан қысымы жоғары екенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG