Accessibility links

Словения парламенті Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындады


Словения парламенті депутаттарының Палестина тәуелсіздігі жөніндегі пікірсайысы. Любляна, 4 маусым, 2024 жыл.
Словения парламенті депутаттарының Палестина тәуелсіздігі жөніндегі пікірсайысы. Любляна, 4 маусым, 2024 жыл.

Словения Палестинаны тәуелсіз ел деп мойындаған БҰҰ-дағы 147-ші, Еуроодақтағы 10-мемлекет атанды. Дауыс беруге парламенттің 53 депутаты қатысқан, оның 52-сі шешімді қолдаған, қарсы дауыс бергендер болмады.

Словения радиосы парламент күн тәртібіндегі мәселені дауысқа салар алдында ұзақ талқылады деп хабарлады. Оппозициялық Словения демократиялық партиясы (СДП) "Палестинаны мойындау ХАМАС террористік ұйымын қолдаумен тең" деп мәлімдеді. Олар бұл мәселеге байланысты консультативті референдум өткізуді ұсынды.

Мемлекеттік жиналыс оппозициялық партияның ұсынысын қабылдамады.

30 мамырда Словения үкіметі Палестинаны тәуелсіз және егемен мемлекет деп мойындаған. Словения сыртқы істер министрі Таня Файон "Словения үкіметі тарихи қадам жасағанына қуаныштымын. Израильдіктер мен палестиналықтар балаларын бейбіт, қауіпсіз және өркендеп жатқан өз мемлекеттерінде тәрбиелеуге құқылы. Палестинаны мойындау — екі ел мен олардың халқын бейбіт өмір сүруге жетелейтін жалғыз жол" деп мәлімдеген.

Словения СІМ Еуропаның басқа елдерін де осындай әрекетке үндеді. Министрлік Словения Газа секторында атысты тоқтатуды, кепілдегі адамдарды босатуды жақтайтынын және Палестина автономиясын қолдауға реформалар талап ететінін айтты.

28 мамырда Норвегия, Испания мен Ирландия Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындағаң. Израиль бұған жауап ретінде Осло, Дублин мен Мадридтегі елшілерін қайтаратын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG