Accessibility links

Қазақстанда букмекерлер жарнамасына заң жүзінде тыйым салады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

5 маусымда мәжіліс депутаттары букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Ойын бизнесі туралы заңға сәйкес, ғимараттарға, құрылыс қоршауларына, көліктерге букмекерлік кеңсе мен лотерея жарнамасын ілуге болмайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, кино мен видеода, анықтама қызметтерінде де оларды жарнамалауға тыйым салынады.

Бірақ букмекерлік кеңсе орналасқан жерде, спорт ғимараттары ішінде, спортшы жабдықтарында, спорт туралы теле-, радиоарналар эфирінде, спорт тақырыбын қозғайтын интернет-ресурстарда әлгіндей жарнамаға рұқсат етіледі.

Қазақстандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей эфирде көрсеткенде букмекерлік кеңсе мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.

Заң ұялы байланыс операторларына электронды казино, онлайн-казино, құмар ойындар мен бәс тігу жарнамасы бар хабарламаларды жіберуге тыйым салады.

Заңға сәйкес, электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырған заңды тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылады. Жазасы қандай болмақ?

  • 2000 АЕК (7 384 000 теңге) көлемінде айыппұл салу;
  • 600 сағатқа дейiн қоғамдық жұмыстарға тарту;
  • екi жылға дейiн бостандығын шектеу;
  • мүлкін тәркілеп, екі жылға бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.

Заңға сай, букмекерлік кеңселер аппараттық-бағдарлама жүйелерін мемлекеттік кіріс комитеті мен қаржы мониторингі агенттігінің жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Осылай мемлекет олардың қаржы операциясын қарай алады дейді мәжіліс депутаттары.

Қазақстандағы шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендер лицензия алмаса, олардың интернет-ресурстарына тыйым салынады. Бұдан бөлек, уәкілетті орган заңсыз деп таныған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылар тізімі болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG