Accessibility links

Шымкент соты тіл мәселесін көтерген адамға полиция салған айыппұл хаттамасын күшінде қалдырды


Қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ғимаратының алдында тұрған адамдар. Шымкент, 24 наурыз, 2023 жыл
Қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ғимаратының алдында тұрған адамдар. Шымкент, 24 наурыз, 2023 жыл

Шымкент қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала тұрғыны Бақытжан Нақыптың айыппұл хаттамасының күшін жою жөніндегі арызын қанағаттандырмады. Нақып қазақ тілі мәселесін көтеріп, қала прокуроры мен тіл жанашырларын Бәйдібек би ескерткішінің алдына шақырғаны үшін өзіне қалалық полиция департаменті "тіркелмеген ұйымның мүшесі ретінде" айыппұл салғанын заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген еді.

Арыз иесі сот қаулысына келіспейтінін айтып, судья қаулыға митинг сөзін заңсыз қосты деп есептейді.

Сот 21 мамырда шығарған қаулыда Бауыржан Нақып TikTok әлеуметтік желісіндегі Qazaq арнасында тіркелмеген "Тіл майданы" ұйымының мүшесі ретінде үндеу жариялап, тіл жанашырларын 7 мамырда Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан Бәйдібек би ескерткішінің алдына митингіге шақырғаны айтылған. Сол ісі үшін полиция оған Әкімшілік кодекстің "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабы (489-бабы 10-тармағы) бойынша хаттама толтырған.

"Судья неге өз қаулысына "митинг" сөзін қосып қойған? Инспектор Ғалымжан Сәлімбеков неге өз қызметін асыра пайдаланып, негізсіз айыппұл салды? Сұрақ көп, жауап жоқ", – дейді Нақып Азаттыққа.

Сот шағым хаттаманы жою жөнінде емес, оны толтырған полиция инспекторының жұмысына қатысты берілуі керек деп санап арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Қаулыда Бауыржан Нақыптың Бәйдібек би ескерткіші алдына тіл жанашырларымен бірге қала прокурорын шақырғаны көрсетілмеген.

11 мамырда полиция Бауыржан Нақыпқа "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысқаны" үшін 184 600 теңге (419 доллар) айыппұл салған.

Ол тағылған айыпқа келіспеген және әкімшілік хаттамаға қол қоюдан бас тартқан.

Бұдан бұрын Бақытжан Нақып Азаттыққа "Тіл майданы" ұйымы жөнінде ешқашан естімегенін және оған тіркелмегенін айтқан. Мәселе 2 мамырда қалалық прокуратура кеңсесіне барып, қазақ тілі мәселесін көтергеннен кейін басталған. Бұл хатта ол 7 мамырда тіл жанашырларымен бірге қала прокуроры Ғабит Мұқановты кездесуге шақырған. Прокурордан қазақ тіліне қатысты заңның орындалуын неге қадағаламайтынын сұрамақ болған.

"Айыппұл салуға негіз жоқ. Прокуратураға жолдаған хат пен әлеуметтік желіде жариялаған үндеуде де "Тіл майданы" ұйымы туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл – жала", – деген Нақып.

Ол TikTok желісіндегі кейінгі видеолардың бірінде Шымкент қалалық прокуратурасының қақпасында "қызмет көлігіне ғана арналған" деп тек орыс тілінде жазылғанын, мемлекеттік тілде ескерту жазылмағанын алға тартып, полициядан хаттама толтыруды сұраған. Өйткені тіл туралы заң талабы бұзылған дейді ол.

7 мамырда қала прокуроры мен тіл жанашырларын кездесуге шақырған күні полиция Бақытжан Нақыпты үйінен алып кетіп, полиция бөлімінде төрт сағат ұстағаннан кейін босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG