Accessibility links

Путин қоғамдық іс-шараларда оқ өткізбейтін кеудеше кие бастады


The Moscow Times мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин 9 мамырдағы парадта оқ өткізбейтін кеудеше киген.
The Moscow Times мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин 9 мамырдағы парадта оқ өткізбейтін кеудеше киген.

Ресей президенті Владимир Путин көпшілік қатысатын іс-шараға барғанда оқ өткізбейтін кеудеше киіп баратын болған, оның қауіпсіздік қызметі осыны талап етеді. Бұл жөнінде The Moscow Times газеті жазды.

Басылымға сұхбат берген адамдар Путинді іс-шараларда жақыннан көргенін, оның берен сауытты 2023 жылдан бері киіп жүргенін айтқан. Қауіпсіздік жөніндегі сарапшы журналистер өтініші бойынша 9 мамырда Мәскеуде Жеңіс күні құрметіне өткен парадта түсірілген Путиннің видеосын зерттеп, оның пальтоның ішінен оқ өткізбейтін кеудеше кигенін растады.

Газет Федералдық күзет қызметі (ФСО) қабылдаған басқа да қауіпсіздік шаралары туралы айтқан. Ақпаратта Путинмен бірге сапарға жеке аспаздар да баратыны, бірақ арнайы адамдар тобы барлық тағамды алдын ала тексеретіні айтылған. Путиннің айналасындағы оққағарлардың дипломат портфелінде жиналып-жазылатын қалқаны бар деп жазады газет.

Басылымның мәліметі бойынша, президенттің қауіпсіздік қызметі әлемдегі саясаткерлерге жасалған шабуылдарға, соның ішінде Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэнің қастандықтан өлгені және Словакия премьер-министрі Роберт Фицоның жараланғаны сияқты оқиғаларға алаңдайды.

Бұдан бөлек, Ресейдің Украинаға басып кіргені, Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың Путинді тұтқындауға ордер бергені және радикал исламистердің шабуыл жасау ықтималдығы оған қатер төндіріп тұр дейді.

2022 жылғы 9 маусымда Match басылымы Ресей президенті Владимир Путиннің қауіпсіздігі мен денсаулығын федералдық күзет қызметі (ФСО) қалай бақылайтыны жөнінде зерттеу жариялаған. Путин шетелге сапарға шыққанда оның несеп-нәжісін ФСО қызметкерлері арнайы пакетке жинап алып, шабаданға салып Ресейге алып кетеді деп жазады басылым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG