Accessibility links

Алматыда бұрынғы полицей бағанаға шығып, әділдік талап еткен


Бұрынғы полиция қызметкері Дәрмен Шыныбеков.
Бұрынғы полиция қызметкері Дәрмен Шыныбеков.

4 мауысмда Алматыда 49 жастағы бұрынғы полиция қызметкері Дәрмен Шыныбеков бағанаға шығып, "жұмыстан заңсыз шыққанына" наразылық білдірді. 2017 жылы қызметінен босаған ол өз ісі бойынша тексеру жүргізуді талап етеді.

Ол Facebook желісіндегі парақшасына қаладағы көшелердің бірінде тұрған электр бағанасына шығып бара жатқаны көрінетін видео жариялады.

Шыныбеков Қазақстан ішкі істер министрі Ержан Сәденовке үндеу жасады.

"Жұмыстан заңсыз шыққанымды жеті жылдан бері дәлелдеп келемін. Сізбен кездесуге жазылып, кіре алмай жүргеніме екі жыл болды. Сізге қояр бір ғана сұрағым бар. Мен әкімшілік практика бөлімі басшысының орынбасары болып жұмыс істедім, жеке тұлғалардан жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлегені туралы түбіртек қағаздар қабылдадым. Мен қабылдаған түбіртек қағаздар бойынша бюджетке ақша түспей қалған. Бірақ мен қандай бұйрықты бұздым? Нені бұздым? Түбіртектердің тұпнұсқа екенін ешкім тексерген жоқ. Ақшаның банкте болуы да елу де елу. Неге мені жұмыстан шығарды? Осы сұраққа жауабыңыз болмаса, тексеріс жүргізіңіз" деді Шыныбеков.

Бұрынғы полиция қызметкері қызметтік тергеу материалдарының күшін жоюды сұрады, Шыныбековтің сөзінше, бұл оның жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жою үшін сотқа қайта жүгінуге негіз болады.

Ол видеода президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жолдады.

"Президент мырза, біздің елде сот әділ болса, онда менің жағдайым бұлай болмас еді" деді Шыныбеков.

Ол видеода Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев пен Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Мейрамбек Таймерденовтің есімін атады. Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде "қызметін асыра пайдаланды" деп ұзақ мерзімге сотталған, Таймерденов Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін судья қызметінен босады.

"Күдебаев мені жұмыстан шығарды. Неге дейсіз бе? Себебі сотта ештеңе дәлелдей алмайтынымды білді" деді Шыныбеков.

Қаңтарда жарияланған әкімшілік сот шешімінде Шыныбеков 2017 жылы "қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін" жұмыстан шығарылған деп тұр. Сол кезде полиция департаментін генерал Күдебаев басқарған.

Шыныбеков Азаттыққа акциядан кейін өзін полиция департаментінің қазіргі бастығы Арыстанғани Заппаров қабылдағанын және "оны жұмыстан шығару фактісі бойынша қайта тексеру жүргізуге уәде бергенін" айтты.

Бұған дейін Алматы соты Шыныбековке "полиция формасын заңсыз кигені үшін" айыппұл салған. Қаңтарда оның әлеуметтік желідегі парақшасында видео жарияланғаннан кейін көп ұзамай сот оған 18 460 теңге (шамамен 40 доллар) айыппұл салған. Бұрынғы полиция қызметкері видеода өзін жұмыстан шығару туралы шешімге келіспейтінін айтқан.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы түзетін жұмысшылар құқығының сақталуы жөніндегі дүниежүзілік индексте 2023 жылы Қазақстан жұмысшылары сот әділдігіне қол жеткізе алмайтын немесе құқығы шектелген елдердің қатарында деп танылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG