Accessibility links

Алматы соты журналист Маричеваның апелляциялық шағымын қарап жатыр


Жәмила Маричева – ProTenge жобасының негізін қалаушы әрі бас редакторы.
Жәмила Маричева – ProTenge жобасының негізін қалаушы әрі бас редакторы.

4 маусымда Алматы қаласының соты ProTenge жобасының авторы, журналист Жәмила Маричеваның апелляциялық шағымын қарай бастады. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот оның Азаттық радиосын қолдап жазған жазбасын "жалған ақпарат" деп тауып, айыппұл салған.

Бүгінгі сот отырысында MediaQoldau құқықтық қызметі ұсынған Маричеваның адвокаты Әсел Тоқаева бірінші сатыдағы сот шешімін неге негізсіз деп санайтынын түсіндірді.

Адвокат журналист Маричеваны көшеден ұстап, полиция бөліміне апарған және хаттама толтырған полиция қызметкерлерінің әрекетін тізіп шығып, олардың әрекетін заңсыз деп атады.

"Сот отырысында инспектор Ембергенов хаттаманы бастығының нұсқауымен толтырғанын көрсетті. Яғни, хаттаманы толтыруға басшылық пен инспектор Ембергеновтің нұсқауы ілік болды" деді адвокат Әсел Тоқаева.

6 мамырдағы сот отырысында Астана қаласы Нұра ауданы полиция бөлімінің бастығы Мәдиевтің 24 сәуірде қол қойған іс материалдарын Алматы қаласы полициясына жіберу жөніндегі хат белгілі болды.

"Оның алдында бұл хат болмаған, мен оны жеке талап ете бастағаннан кейін істеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін себеп болмаса, бұл хатты заңсыз дайындаған" деді адвокат.

Адвокат бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды және әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты Жәмила Маричеваның үстінен ашылған әкімшілік істі жүргізуді тоқтатуды сұрады.

"Азаттық радиосы қызметкерлерін аккредиттеуден бас тарту себептері туралы нақты қорытынды жасауға болмайды. Маричеваның нұсқасында айтылған "Масс-медиа туралы" заңға түзетулерді сол уақытта талқылап жатты. Мұнда ақпаратты жалған деп емес, нақты емес деп қорытынды жасауға болады" деді адвокат.

Судья Қанат Молдашев адвокат Тоқаеваға ұзақ уақыт "бір нәрсені" қайталап айттыңыз және "берілген уақытты теріс пайдаландыңыз" деп ескерту жасады. Адвокаттың сөзінен кейін сот үзіліс жариялады. Апелляциялық шағым бойынша келесі сот отырысы 6 маусымда өтпек.

  • 13 мамырда Алматы соты журналист Жәмила Маричеваның ProTenge телеграм-арнасында Азаттық радиосын қолдап жазған жазбасын "жалған ақпарат" деп тауып, авторға 74 мың теңге айыппұл салған.
  • ProTenge – тендерлер мен мемлекеттік сатып алулар барысында жасалған күмәнді іс-әрекеттерді әшкерелейтін зерттеу материалдарымен танылған жоба. Жәмила Маричева – осы жобаның негізін қалаған әрі бас редакторы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG