Accessibility links

Оралда екі белсендіні "Қаңтар оқиғасына байланысты" прокуратураға шақырды


Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев сотта тұр. Орал, 7 қазан, 2022 жыл.
Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев сотта тұр. Орал, 7 қазан, 2022 жыл.

Орал қаласында белсенді Маруа Ескендірова "Қаңтар оқиғасына байланысты" іске куә ретінде қатысуға облыстық прокуратураға шақыру қағазын алды. Бұдан бөлек, белсенді Амангелді Оразбаевты ауызша түрде шақырған. Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы тергеуді Қазақстан бас прокуратурасы "жалғастырып жатыр" деп хабарлады.

Ескендірова БҚО облысы прокуратурасына шақыру қағазын 3 маусымда алды. Учаскелік полиция қызметкері берген қағазда белсендіден 6 маусым сағат 15.00-де қылмыстық іске куә ретінде жауап алатыны жазылған.

— Шақыру қағазына қол қойған жоқпын, полиция қызметкері оны ұстата сала кетіп қалды, "Қаңтар оқиғасына байланысты" іс деді. Екі жыл өтті ғой! Мен ол кезде 20 күн отырып шықтым, — деді Маруа Ескендірова Азаттыққа (2022 жылғы 4-5 қаңтардағы митинг үшін отырған — ред.).

Ол шақыру қағазы дұрыс толтырылмаған дейді, белсенді прокуратураға барардан бұрын адвокатымен ақылдасатынын айтты.

Бірнеше күн бұрын Амангелді Оразбаевты да прокуратураға жауап алуға шақырған. Белсендінің Азаттыққа айтуынша, оған телефонмен хабарласып айтқан, жазбаша хабарлама жібермеген.

— Екі-үш күн бұрын қоңырау шалды, прокуратурадан екенін айтты. Мен ауырып, ешқайда бара алмайтынымды жеткіздім, — дейді Оразбаев. Оның сөзінше, қоңырау шалған адам қай күні бару керек екенін, уақытын да айтпаған.

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі Бас прокуратура "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған қатысу фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр" деп хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша іс қозғалған.

"Тергеу барысында істің мән-жайы бойынша жоғарыда аталған тұлғалардан жауап алу қажет болды" деп жауап берді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратура тергеу құпиясын алға тартып, бұл іс бойынша Батыс Қазақстан облысында қанша адамнан жауап алатыны туралы айтпады.

Бұған дейін Семейде белсенді Нұржан Сембаев өзін "Қаңтар ісіне куә" ретінде полицияға апарғанын хабарлаған.

Ескендірова мен Оразбаев осыған дейін бірнеше бейбіт митингіге қатысқан. Наразылық кезінде олар билікке саяси талаптар айтып, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.

2022 жылғы кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы Жаңаөзен қаласындағы сұйылтылған газ отынының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылықтан басталды. Газдың қымбаттауына қарсы шыққан жаңаөзендіктерді басқа өңірлердің тұрғындары қолдап, кей аймақта наразылықтың арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG