Accessibility links

Орал соты екі белсендіні "ҚДТ жұмысына араласты" деген айыппен бас бостандығын шектеді


Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев сотта тұр.
Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев сотта тұр.

Орал қаласының соты 15 ақпанда белсенділер Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевты "қызметіне тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" дегеп айыппен 1,5 жылға бас бостандығын шектеді. Бұған қоса, белсенділерге екі жыл қоғамдық-саяси істермен айналысуға тыйым салынды.

Сот үкіміне сай, Ескендірова мен Оразбаев 1,5 жыл бойы пробациялық бақылауда болып, тұрғылықты жерлерін ауыстырмауы керек және сағат 22.00-ден 06.00-ге дейін ойын-сауық орындарына бармауы керек. Сот екеуіне митингіге, семинарларға, дөңгелек үстелдерге қатысуға шектеу қойды. Желіге пост жариялауға, репост жасауға, пікір жазуға болмайды.

Судья Найля Жүнісова 50 жастағы Ескендіроваға жаза мерзімі кезінде 100 сағат мәжбүрлі жұмыс істеуді де міндеттеді. Бұған қоса, Ескендірова бір айдың ішінде жұмыс тауып, пробация органдарына жұмысы туралы хабарлауы керек. Ал 63 жастағы Оразбаев зейнетке шыққандықтан, оған мұндай жаза тағайындалмады.

Екі айдан бері тергеу изоляторында отырған Оразбаев сот үкімінен соң қамаудан босатылды. Ол қамаудан босатылғанын естігенде көзіне жас алды.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Екі белсенді сот үкіміне келіспейді, Ескендірова сот үкіміне апелляциялық шағым түсірмек.

"Бұл істің саяси астары бар. Менің ҚДТ жұмысына араласқанымды дәлелдей алмады, ал мен ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп есептемеймін. Апелляцияға, керек болса, Жоғарғы сотқа, халықаралық сотқа шағымданамыз. Бастысы – бұл өтірік қозғалған істі жабуға тырысамыз" деді Ескендірова үкімнен соң.

Ескендірова мен Оразбаев былтыр сәуірде ұсталып, үйқамаққа алынған. Ал желтоқсанда сот Оразбаевты тергеу изоляторына қамаған. Іс материалдарында олар ҚДТ және "Көше партиясының" жұмысына араласқаны, Оралдағы орталық базардың жанында "бағдарлама жазылған" парақ таратқаны айтылған. Сотта прокурор белсенділер таратқан парақты көрсетпеді.

Қазақстан билігі шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Ескендірова мен Оразбаева осыған дейін бірнеше бейбіт митингіге қатысқан. Наразылық кезінде олар билікке саяси талаптар айтып, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Екеуі 2021 жылы маусымдағы аштық акциясына да қатысқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астана антиэкстремистік заңды билікті сынағандарға қарсы қолданады деп мәлімдеген. Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін "экстремистік ұйымның жұмысына араласу" істері бойынша шыққан сот үкімдерін қайта қарауға үндеген. HRW бұл сот үкімдері "бейбіт оппозициялық ұйымдарды қолдап, жұмысына араласқаны үшін шығарылған" дейді. Ресми Астана елде саяси қудалау жоқ деп мәлімдейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG