Accessibility links

АҚШ-та F-16 жойғыш ұшағын басқаруды үйренген ұшқыштардың алғашқы тобы оқуларын аяқтады


F-16
F-16

АҚШ-та F-16 жойғыш ұшағын басқаруды үйренген украин ұшқыштарының алғашқы легі оқуларын аяқтады. Бұл жөнінде АҚШ ұлттық гвардиясы әуе күштерінің пресс-аташесіне сүйенген Politico басылымы жазды.

Ұшқыштар былтыр қазаннан бері АҚШ-тың Аризона штатындағы ұлттық гвардияның 162-ші әуе-әскери базасында жаттыққан. АҚШ-та оқыған украин ұшқыштарының саны және өзге мәліметтер "қауіпсіздік мақсатында" айтылмайды.

Енді олар Еуропаға қосымша дайындықтан өту үшін барады деп жазды басылым.

Наурыз айында The New York Times басылымы украин ұшқыштарын оқыту былтыр Дания, Ұлыбритания және АҚШ-та басталғанын жазған. Алайда курстың маңызды бөлігі Румынияның оңтүстігіндегі жаңа оқу орталығында өтетіні айтылған. Ол жақта ұшқыштар F-16 ұшағын жасанды соғыс жағдайында басқарып үйренеді.

Сол кезде басылым F-16 жойғыш ұшағын басқаруды меңгеру курсы шілдеге қарай аяқталатынын жазған. Ал Украина ол сәтке дейін Еуропа елдері уәде берген ондаған әскери техниканың алтауына қол жеткізбек.

Нидерланды, Дания, Норвегия және Бельгия Украинаға F-16 жойғыш ұшағының саны 45-60 данасын беруге уәде берген.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Киев Батыстағы одақтастарынан көмек, оның ішінде F-16 жойғыш ұшақтарын беруді сұрап келеді. НАТО-ның бірқатар елдері Украинаға осындай жойғыш ұшақтарын сатып алып беруге үндеген.

Мәселе АҚШ-та жасалған төртінші буынға жататын жойғыш ұшақтар жөнінде болып отыр. Олар әуе қорғанысы үшін де, шабуылдау операцияларында қолданылады. АҚШ-тың өзі тауар жеткізуге қатыспайды, бірақ оларға тиісті рұқсат берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG