Accessibility links

Шымкентте мемлекеттік қызметкер 5,6 млн теңгеден аса сыйлықақы алған


Шымкент қаласының әкімдігі. 27 қараша, 2023 жыл.
Шымкент қаласының әкімдігі. 27 қараша, 2023 жыл.

Шымкент қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының екі қызметкері – 5,6 млн теңге (12 700 доллар), үш қызметкері 2 млн теңге (4 545 доллар) сыйлықақы алған. Сыйлықақыны қызметкерлерге басқарма басшысының міндетін атқарушы жаңа жыл мейрамына байланысты тағайындаған. Бұл ақпаратты Азаттыққа 21 мамырда аталған басқарма мен Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті растады.

Департаменттің Азаттыққа жазуынша, сыйлықақы заңды берілген. 2023 жылы Шымкент қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының бюджеті 338,8 млн теңге болса, оның 281 млн теңгеден астамы жұмсалып, 110 млн теңге шамасында үнемделген.

Жоспарланған іс-шаралардың өтпеуіне байланысты 58 млн теңгеге жуық ақша мемлекетке қайтарылған. Қалған қаражаттың 34 млн теңгеден астамы басқарма қызметкерлеріне сыйлықақы ретінде, 14 млн теңгеден астамы техникалық қызметкерлерге сыйлықақы әрі материалдық көмек ретінде берілген.

Сыйлықақы мөлшері басқарма басшысының шешімімен белгіленген.

Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы, 5,6 млн теңгеден аса сыйлықақы алған қызметкердің бірі Ерболат Оспанов "жаңажылдық" сыйлықақы үкімет қаулысына сай заңды берілгенін айтады.

"Ол кезде басқарма басшысының міндетін атқарушы ретінде Азамат Нұрымбетов жұмыс істеген. Сыйлықақыны өзіңе-өзің тағайындай алмайсың. Мысалы, штатта 10 адам болуы керек еді, бірақ 6 адам жұмыс істедік. Сыйлықақы мөлшерінің әртүрлі болуы содан" деді Оспанов Азаттыққа.

Оспанов 2023 жылдың желтоқсан айында 250 мың теңге (568 доллар) шамасында жалақы алғанын айтады. Ал Жаңа жыл мерекесіне байланысты оған 5 625 000 (12 700 доллар) теңге сыйлықақы тағайындалған.

Оспановтың айтуынша, ол өзі басқарып отырған басқарма қызметкерлеріне берілген сыйлықақы туралы ақпарат беруге құзырлы. Қала әкімдігі мен басқа басқармалар туралы мәлімет беруге құқығы жоқ.

14 мамырда Азаттық Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке қала әкімдігі мен оған қарайтын басқарма қызметкерлеріне сыйлықақы беру тәртібі, мөлшері жөнінде сұрақтар жолдаған. Әкімге жолданған алты сұрақтың біріне қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы жоғарыдағы жауапты жолдап, қызметкерлерге сыйлықақы "заңды берілгенін" ғана айтқан. "Шымкент қаласы әкімдігі мен әкімдікке қарайтын басқармалар қызметкерлеріне бюджет есебінен қанша теңге сыйлықақы тағайындалды?", "Сыйлықақы мөлшерін кім, қандай нормаға сай белгілеуі керек?" деген сияқты сауалдарға жауап болған жоқ.

Қазақстан үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысына сәйкес бюджет есебінен сыйлыақы беру бойынша шешімді мемлекеттік орган жетекшісі не орталық мемлекеттік органның келісімімен аппарат жетекшісі қабылдайды. Шымкент қалалық басқармасының Азаттыққа хатында осы қаулыға сілтеме жасалады, бірақ сыйақының шектік мөлшері туралы айтылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG