Accessibility links

Ресей Украинаға әуеден шабуыл жасап, екі адам зардап шекті


22 маусымға қараған түні Ресей армиясы Украинаның энергетикалық инфрақұрылым нысандарына тағы шабуыл жасады. Бұл жөнінде Украинаның ұлттық энергетика компаниясы ("Укрэнерго") хабарлады. Елдің әр түкпірінде түні бойы дабыл қабылды.

Мұндай ауқымдағы үлкен шабуыл соңғы үш айда осымен сегізінші рет болды деп атап өтті компания.

Оператордың хабарлауынша, Ресей Украинаның Запорожье және Львов облыстарындағы электр беру жүйелеріне соққы берген, соның салдарынан жабдықтар зақымдалған.

"Укрэнерго" мәліметі бойынша, Запорожьеде екі адам зардап шеккен.

Запорожье және Львов облыстық әкімшіліктері маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы болғанын растады, кей жерлерде өрт шыққан. Жергілікті билік өкілдері толық мәліметті кейінірек жариялауға уәде етті.

Украинаның төтенше жағдайлар қызметі Ресей Ивано-Франковск облысына әуеден соққы жасағанын хабарлады. Шабуыл салдарынан оқу орнының аумағында 20 шаршы метр шұңқыр пайда болып, өрт шыққан. Ивано-Франковск қаласының мэрі Руслан Марцинкив қалада тұрғын үйлер мен балабақша бүлінгенін айтты. Ғимараттардың терезелері сынған. Оның айтуынша, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Украина әуе күштерінің мәліметінше, Ресей осы түнде Украинаға әртүрлі типтегі 16 зымыран мен шабуылдаушы 13 дрон ұшырған. Дрондардың барлығы, ал зымырандардың 12-сі атып түсірілген. Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG