Accessibility links

Тәжікстан президенті "шеттен келген киімге" тыйым салатын заңға қол қойды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон "Мерекелер мен рәсімдерді ретке келтіру туралы" заңға қол қойды. Жаңа заң "елге ұлттық мәдениетке жат киім әкелуге, сатуға және қоғамдық орындарда киюге" тыйым салады. Бұл туралы президент сайты хабарлады.

Заңда қандай киімді "жат" санайтыны көрсетілмеген. Алайда сарапшылар тыйым мұсылман киіміне қатысты деп есептейді. Олар Тәжікстан билігінің бұл мәселемен көп жылдан бері күресіп келе жатқанын еске салды. Мұнда тек хиджабқа ғана емес, мұсылман әйел басына тағатын сатр орамалына да тыйым салуы мүмкін.

Мұндай киімдерді елге әкелген, сатқан және таққан жеке тұлғаларға сегіз мың сомони (700 доллардан астам), ал шенеуніктерге – шамамен 40 мың сомони айыппұл салынуы мүмкін.

Тәжікстан Құрбан айт, Ораза айт және Наурыз мерекесімен байланысты "идгардак" дәстүріне тыйым салды. Мұндайда балалар әдемі киім киіп, үлкен сөмке ұстап үй-үйді аралап, түрлі дәм сұрайтын.

Тәжік президентінің баспасөз қызметі заң "ата-баба құндылықтары мен ұлттық мәдениетті қорғау" және соқыр сенім мен мереке өткізгендегі "ысырапты" алдын алу мақсатында қабылданды деді.

Тәжікстан парламенті заң жобасын қоғам талқысына салмай қабылдады.

Заңды қолдамайтындар билік адамдардың жеке өміріне, олардың қалтасына, аты-жөнінен бастап, дастархан, үстел, қабір және құлпытасқа дейін араласады деп мәлімдеді.

Мұсылман ғалымдар лигасы Тәжікстанда хиджаб киюге тыйым салу туралы заң жобасын айыптады, ал Ауғанстандағы кей экстремистік діни қызметкер "жиһад" жариялады деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тәжікстан билігін мұсылман киімін киген әйелдерге қысым көрсеткені және оларды кемсіткені үшін бірнеше рет сынға алған. Бұған дейін құқық қорғау органдары діни киім киген әйелдерге, сондай-ақ сақал қойған ер адамдарға қарсы жаппай рейдтер жүргізген. Оларды полиция бөлімшесіне апарып, діни киімді шешуге мәжбүрлеп, ер адамдардың сақалын қырып тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG