Accessibility links

Польшада диверсия күдігіне ілінген тоғыз адам қамалды


Польша премьер-министрі Дональд Туск.
Польша премьер-министрі Дональд Туск.

Польшада Ресейдің арнайы қызметі берген тапсырма бойынша диверсия жасады және елге іріткі салды деп күдікке ілінген тоғыз адамды қамады. Бұл туралы TVN24 телеарнасының эфирінде Польша премьер-министрі Дональд Туск мәлімдеді.

Поляк премьері бұған дейін Вроцлавтағы бояу зауытында, IКЕА қоймасында болған өрттерді, Литвадағы диверсияны осыған қатысы бар оқиға деп атады.

Туск диверсия артында Ресейдің арнайы қызметтері тұр дегенге "күмән келтірмейтінін" жеткізді. Ол жағдайды "өте ауыр" деп бағалады және мұндай диверсиялар басқа елдерде, Латвия мен Швецияда жоспарланды деп мәлімдеді.

Украина, Беларусь және Польша азаматтары күдікке ілінген. Поляк премьерінің сөзінше, олардың кейбірі "қылмыс әлемінен шыққан". Туск бұл мәселе бойынша Польшаның одақтастарымен тығыз жұмыс істейтінін, арнайы қызметтер жұмысына риза екенін айтты.

Бұған дейін Польша президенті Анджей Дуда кейінгі күндері ел ішінде бірнеше рет өрт болғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл "Польшадағы жағдайды тұрақсыз ету әрекеті болуы мүмкін". Мәскеу мұндай мәлімдемелерді жоққа шығарады.

  • Бір ай бұрын Польшада Литвадағы ресейлік оппозиционер Леонид Волковқа шабуыл жасады деген күдікпен екі адам және оған тапсырыс берді деген бір адам ұсталды. Ол Ресей мүддесі үшін жұмыс істеген Беларусь азаматы деген болжам айтылды.
  • Желтоқсанда Польшадағы Люблин соты Ресей пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған 14 шетел азаматына үкім шығарды. Билік оларды теміржолдарда диверсия дайындады деп айыптады. Олар бір жылдан алты жылға дейін бостандығынан айырылды. Айыпталушылардың бәрі Украина азаматы болды, олардың басым бөлігі кінәсіз екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG