Accessibility links

АҚШ реформаларды іске асырғанда азаматтық қоғаммен кеңесу маңызды екенін айтты


АҚШ мемлекеттік хатшысының адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея (оң жақта)
АҚШ мемлекеттік хатшысының адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея (оң жақта)

АҚШ делегациясы Қазақстан билігін реформаларды іске асырғанда оған азаматтық қоғам өкілдерін қатыстырып, олармен кеңесуге шақырды.

20 мамырда АҚШ мемлекеттік хатшысының адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея бастаған делегация жыл сайын АҚШ пен Қазақстан арасында өтетін адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі отырысқа қатысты.

Мемлекеттік департамент хабарламасына сәйкес, диалог кезінде АҚШ пен Қазақстан адам құқықтарын қорғау ісін ілгерілетуге қатысты өз міндеттерін талқылаған. Делегациялар бірқатар негізгі мәселені, соның ішінде заң үстемдігі, сөз еркіндігі мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қорғау, діни сенім бостандығы, әлеуметтік осал топтарды қорғау туралы сөз қозғады.

Тараптар көпжақты ынтымақтастықты, соның ішінде БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мен С5 + 1 форматын да талқылаған.

Хабарламада адам құқықтарын қорғау, соның ішінде сөз бостандығы мен бейбіт жиындарды, тәуелсіз БАҚ-ты құрметтеу — гүлденген демократияның ажырамас бөлігі деген.

"АҚШ президент [Қасым-Жомарт] Тоқаевтың реформалар бағдарламасын іске асыру әрекетін толық қолдайтынын растады және Қазақстан Республикасының адам құқықтары ахуалын ілгерілету, соның ішінде [зомбылықтан] жапа шеккендерді қорғаудағы маңызды қадам - 2024 жылғы сәуірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялайтын заңды қабылдау әрекетін жоғары бағалайды. Бұған қоса АҚШ делегациясы Қазақстанды ашықтық пен жауаптылық үшін азаматтық қоғам өкілдерімен ақылдасып, оларды толық қатыстыра отырып, реформаторлық әрекеттерді ілгерілете түсуге шақырды. Адам құқықтары мен еркіндігін құрметтеу, соның ішінде тәуелсіз БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың шектеулерсіз еркін жұмыс істеуі — гүлденіп, дамып жатқан "Жаңа Қазақстанның" ажырамас бөлігі" делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарламасында.

Адам құқықтары жөніндегі келесі отырыс 2025 жылы Вашингтонда өтпек.

АҚШ мемлекеттік хатшысының адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея Астанаға жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты — демократиялық басқару, заң үстемдігі, адам құқықтары мен халықтың осал топтарын қорғау және діни сенім бостандығы мәселелерін талқылау. Мемлекеттік хатшының орынбасары сапар кезінде жоғары лауазымды шенеуніктермен, азаматтық қоғам өкілдерімен және құқық қорғаушылармен кездесулер өткізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG