Accessibility links

Жайық суы көтеріліп, Орынборда жаппай эвакуация жүріп жатыр


Жайық тасып, Ресейдің Орынбор қаласын су басты.
Жайық тасып, Ресейдің Орынбор қаласын су басты.

Ресейдің Орынбор қаласында тасқын қаупі өте күшеюіне байланысты жаппай эвакуация жүріп жатыр. Бұл туралы қала мэрі Сергей Салмин мәлімдеген. Қалада дабыл белгісі естіледі.

Жайық өзеніндегі су деңгейі кейінгі 10 сағатта 40 сантиметр көтеріліп, 11 метр 33 сантиметрге жеткен. Бұның алдында Орынбор билігі 12 сәуірде қалада тасқын шарықтау шегіне жетеді, содан кейін біртіндеп бәсеңдейді деп хабарлаған.

Өкімет ықшам аудандар мен жақын маңдағы кенттерде тұратын халықты үйде қалу өте қауіпті екенін айтып, тезірек кетуге үндеген.

"Өздеріңізбен бірге құжаттарды, дәрі-дәрмекті, ең қажетті заттарды алып, дереу үйден кетіңіздер. Жағдай өте қиын, уақыт оздырмаңыздар!" – деп жазды Салмин telegram-арнасында.

Орынбор облысы билігінің мәліметінше, аймақта 12 мыңға жуық тұрғын үй мен 15 мыңнан астам бау-бақша суға кеткен. Төрт елді мекенде жарық жоқ, Орынбор қаласындағы аудандарда да электр қуаты қайта-қайта өшіп қалып жатыр.

Осы облыстағы Жаманқалада (орысша – Орск) Жайық деңгейі 673 сантиметрге дейін түскен. Қаланы басқан су ағып жатқан дамбыдағы тесікті кеше, 11 сәуірде бітеудің сәті түскен. Оған дейін су ағысы бой бермей, ол тесікті бітеуге мүмкіндік бермеген еді.

Орынбор облысындағы тасқын судан зардап аудандардан 10,7 мыңнан астам адам эвакуацияланған, олардың бір жарым мыңға жуығы уақытша паналау орындарына жайғасты. Су басқан аймақтарда халық ауызсу, гуманитарлық көмек және біржолғы берілетін ақшалай жәрдем алуға құжат өткізуге арнайы орталықтарда кезекте тұр.

Облыс өкіметінің дерегінше, суға кеткен 10 мыңнан астам үйдің 40 пайызы қайта жөндеуге жарамайды.

  • Биылғыдай ірі ауқымдағы тасқын Орынбор облысы тарихында бұрын-соңды болмаған дейді жергілікті бақылаушылар. Үсті-үстіне көбейіп келген судың екпініне Жаманқаладағы дамбы шыдас бермей жарылып кеткен. Тасқынға федералдық сипаттағы төтенше оқиға статусы берілген. Кейінгі деректер бойынша, инфрақұрылымға келген зиян мөлшері 40 миллиард рубльден асып кетті деп бағалаған.
  • Ресейдің тағы бірнеше өңірінде, атап айтқанда Қорған, Томск, Түмен және Кемеров облыстарында тасқынға байланысты жергілікті халықты қауіпсіз жерге эвакуациялап жатыр.
  • Қазақстанда су басқан өңірлерден жиынтығы 100 мыңға жуық адам көшрілген. Жайық өзені Ресейдің және Қазақстанның аумағымен ағып келіп, Каспий теңізіне құяды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG