Accessibility links

ISW Ресей әскері майданда шабуыл операцияларын үдетуі мүмкін дейді


Ресей әскері Украинадағы шабуыл операцияларының қарқынын үдетуі мүмкін деп хабарлады америкалық Соғысты зерттеу (ISW) өз есебінде.

ISW талдаушылары әдетте ресейлік механикаландырылған шабуыл операцияларымен бір мезгілде Украинаның энергетика нысандарына шабуылдар жанданатынын айтады.

ISW сарапшылары Ресей әскері Украина әскери басшылығын әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін майдан шебінен алысырақ әкетуге мәжбүр ету мақсатын көздеп шабуылды үдетуі мүмкін деп топшылайды. Ресей күштері осылайша құрлықтағы әскерінің іс-қимылына әуеден қолдау көрсетуге мүмкіндік алғысы келеді.

Соғысты зерттеу институтының мәліметінше, кейінгі екі аптада Ресей әскері майдан шебінің кейбір тұсында механикаландырылған шабуылды арттырып, ауқымын кеңейте түскенге ұқсайды. Шайқас болып жатқан жерлерде ресейлік механикаландырылған шабуылдардың көбейгені соны аңғартады.

Талдаушылар Украина күштері 20 наурызда Лиман бағытында – Кременнаядан батысқа, Терновтан шығысқа қарай – Ресей әскерінің ірі шабуылын тойтарғанына назар аударады. Кейінірек, 30 наурызда Украина әскері Авдеевканың батыс жағындағы Тоненький елді мекені маңында ресейлік механикаландырылған батальонның бетін қайтарған. Кей деректерге қарағанда, Ресей жағынан шабуылға кемінде 36 танк және 12 жаяу әскер мәшинесі қатысқан.

ISW өкілдері Ресей күштері жер тоңы жібіп, лайсаң болғанға дейін белсене қимылдап, механикаландырылған шабуылдарды үдетуі мүмкін, әйтпесе жер батпақ болғанда техниканың жылдам маневр жасауы қиындайды деп есептейді. Талдаушылардың дерегінше, Ресей жағы Батыстың көмегі келіп жеткенше украин күштерінің әскери қоры сарқылатынын ұтымды пайдалану үшін де механикаландырылған шабуылдарға белсене кірісуі мүмкін.

3 сәуірде Politico басылымы жариялаған материалда егер Ресей алдағы жазда кең көлемді шабуыл бастаса Украина қарулы күштері өте қиын жағдайда қалатыны айтылған. Украина шенеуніктері арасындағы дерек көзі журналистерге "майдан шебі ресейлік генералдар шабуыл жасауға күштерін шоғырландырған тұстан бұзыла ма деген зор қауіп барын" айтқан. Олардың сөзінше, Украина қарулы күштеріне төрт миллион снаряд, екі миллион ұшатын дрон аппараты қажет. Әйтпесе әскери дрондарға, гаубицаларға, жүздеген мың снаряд пен ракетаға зәру Украина әскері өте қиын жағдайда қалғалы отыр. Оның үстіне, әскер саны жағынан Украинадан басым түсетін Ресейдің қолында қазір басқарылатын авиабомба да жеткілікті.

Бұған дейін ISW Ресейдің әскери басшылығы шабуыл операциясын биыл көктемінің аяғы, жаздың бас кезінде Донецк облысының батыс жағында бастауы мүмкін деген болжам айтқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG