Accessibility links

Қазақстан 7 және 9 мамырда әскери парад өткізбейтін болды


Әскери парад. Астана, 9 мамыр, 2015 жыл.
Әскери парад. Астана, 9 мамыр, 2015 жыл.

Қазақстан қорғаныс министрлігі биыл 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр - Жеңіс күнінде әскери парад өткізбейді. Ведомство мұның себебін қаржыны үнемдеу және басқа мәселелерді шешуге байланысты деп түсіндірді.

"Бюджет қаражатын үнемдеуге, тағы басқа да мәселелерді шешуге байланысты 2024 жылы Қазақстанда әскери парад өткізу жоспарда жоқ" делінген ведомство хабарламасында.

Қорғаныс министрлігі Қазақстан қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігіне басымдық беретінін айтты.

1 сәуірде Ақорда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдағанын, әскердің жауынгерлік дайындығы туралы баяндаманы тыңдағанын хабарлады. Министр әскери бөлімшелердің дайындығы, басқару органдары мен жеке құрамды оқыту туралы айтқан. Ақорданың жазуынша, қарулы күштердің төтенше жағдайда, оның ішінде қазіргідей су тасқынына қарсы шаралар кезінде орталық және жергілікті билік органдарымен тиімді байланыс орнатуы маңызды екеніне назар аударылды.

Министр қарулы күштерді заманауи техника және қару-жарақпен қамтамасыз ету және Қазақстанның ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында 2024 жылға жоспарланған шаралары жайлы, ауқымды оқу-жаттығу жиындарын, оның ішінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізу туралы айтқан.

Қазақстан бесінші жыл қатарынан әскери парад өткізбейтін болды. Былтыр және алдыңғы жылдары билік шеру өткізбеуді "бюджет қаржысын үнемдеу және өзге де міндеттерді шешуге байланысты" деп түсіндірген. 2020 және 2021 жылдары парад COVID-19 індетіне байланысты өтпеген.

2023 жылы мамырда Мәскеуде әскери парад өтті, оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG