Accessibility links

NCOC Каспийде мұнай төгілді деген ақпаратты жоққа шығарды


Қашағандағы D аралындағы инфрақұрылым.
Қашағандағы D аралындағы инфрақұрылым.

Қашаған кен орнын барлайтын North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясы "Каспий теңізінде мұнай төгілген" деген ақпаратты жоққа шығарды. Компания теңіздегі нысандары әдеттегі режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Бұған дейін "Глобус" экологиялық-құқықтық бастама орталығы ғарыш мониторингі мәліметтеріне сүйеніп, Қашаған кен орнында мұнай төгілген деп мәлімдеген. Орталық директоры Галина Чернова Facebook-тегі парақшасында шамамен 7 шаршы шақырымға жайылған мұнай Каспий теңізінің солтүстігіне қарай жылжып бара жатыр деп жазды.

Ол мұнай төгілуіне мына жайттар себеп болуы мүмкін деді:

  • мұнай өндіру жұмыстары кезінде байқаусызда я апат салдарынан төгілген;
  • құрамында мұнайы бар өндіріс суын ағызу. Негізі мұндай сулар құрлыққа шығарылып, утилизация жасалуы керек;
  • кемелерге мұнай құю кезінде.

NCOC консорциумының мәліметінше, 2024 жылғы 30 наурызда SENTINEL-1A және 2024 жылғы 2 сәуірде TerraSAR-X спутнигінен түсірілген суреттерде Каспийдің солтүстік аумағында, оның ішінде Қашаған кен орнындағы D аралынан солтүстікке қарай орналасқан шағын аймақта табиғи құбылыс байқалған. Келесі күндері түсірілген суреттерде мұндай құбылыс көрінбегенін айтты.

Компания D аралы маңындағы алаң тексерілді, мұнай төгілгенін не ағып кеткенін растайтын белгілер анықталмады деді.

  • 29 наурызда NCOC өкілдері Дамба ауылында компания жұмысына қатысты қоғамдық тыңдау өткізген. Жиында менеджерлер компания ауаны да, теңізді де ластап жатқан жоқ деп мәлімдеген.
  • 2023 жылы сәуірде Bloomberg сайты Қазақстан үкіметі елдегі Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан мұнай өндіріп жатқан компанияларға қарсы халықаралық арбитражға шағым түсіргенін жазған. Астана Қашағанда экология заңы талаптары бұзылғанын растайтын 10 факт тіркелгенін мәлімдеген.
  • Кейін Астана соты Қашағанда мұнай өндіріп жатқан NCOC компаниясының Атырау облыстық экология департаментіне қарсы шағымын ішінара қанағаттандырған. Сот 10 заң бұзу фактісінің үшеуін алып тастаған. 2023 жылы қазанда Bloomberg сайты NCOC компаниясы 5,1 млрд доллар айыппұл салу туралы шешімге қарсылық білдіріп, халықаралық арбитраж сотына жүгінбек деп жазған.
  • Кейін Қазақстанның экология министрлігі кассациялық шағым түсіріп, Атыраудағы әкімшілік соттың апелляциялық алқасы NCOC компаниясына 5,1 млрд доллар айыппұл салған. Артынша айыппұл толық төленді деген хабар тараған.
  • Қашаған – Теңізден кейінгі елдегі ең ірі мұнай-газ жобасы. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарын игеріп жатқан серіктестер қатарында Батыстың алпауыт мұнай компаниялары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG