Accessibility links

Германияда АҚШ-қа бара жатқан Ресей ураны тиелген кеме тоқтатылды


АҚШ-тың Балтимор портында тұрған "Атлантик Навигатор 2" кемесі.
АҚШ-тың Балтимор портында тұрған "Атлантик Навигатор 2" кемесі.

Германияның кеден қызметі Ресей ағашы мен уранын тиеген "Атлантик Навигатор 2" кемесін тоқтатты. Жүк АҚШ-қа бара жатқан. Маршалл аралдарының туы ілінген кеме Росток портында аялдауға мәжбүр болды. Бұл туралы Ostsee Zeitung газеті жазды.

Росток порты басылымға берген жауабында кеден қызметі кемені Еуроодақ санкция салған тауарларға байланысты тоқтатуға бұйрық бергенін хабарлады. Жүктің жалпы құны — шамамен 40 миллион еуро.

193 метрлік кеме техникалық ақауға байланысты 4 наурызда Росток айлағына кіруге мәжбүр болған. Кеме мұз басқан су айдынынан өтіп бара жатқанда зақымданған болуы мүмкін. Кеме портқа келгенде кеденшілер оның ішінде тұрған санкция салынған тауарға назар аударған. Еуроодаққа кіретін тауарлар тексерістен өтуге тиіс.

Германия "Атлантик Навигатор 2" кемесі мен оған тиелген жүкке байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол аяқталғанша кеме порттан кете алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG