Accessibility links

Қырғызстан президенті Жапаров "шетел өкілдері туралы" заңға қол қойды


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров коммерциялық емес ұйымдар ("шетел өкілдері") туралы заңға өзгертулер енгізетін заң жобасына қол қойды.

Президент сайтында заң "коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ шетел өкілдігінің функциясын атқаратын коммерциялық емес ұйымдар, шетелден, олардың мемлекеттік органдарынан, халықаралық және шетел ұйымдарынан, шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ адамдардан немесе олардың уәкілетті өкілінен ақшалай және өзге де мүлік алатындардың қызметінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етуге бағытталған" деп жазылған.

Уәкілетті органдар "бақылау мақсатында" мыналарды істей алады:

  • коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) басқармаларынан олардың басқару құжатын сұрай алады;
  • статистика, салық және өзге де мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарынан, несие және өзге де қаржы ұйымдарынан КЕҰ-ның қаржы-шаруашылық қызметі туралы ақпарат сұратады, оны ала алады;
  • КЕҰ іс-шарасына өз өкілдерін қатысуға жібере алады;
  • КЕҰ қызметі, оның ішінде қаражат жұмсау және өзге де мүлікті пайдалану оның құжаттарына сай ма, жоқ па, соны тексере алады.

Заң жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді.

Садыр Жапаров Facebook-тегі парақшасында осы заңға қол қойылғанға дейін Қырғызстанда жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар "30 жыл бойы еш жерде тіркелмеді" және "ешкімге есеп бермеді" деп жазды.

"Олар тек банк шоттарын ашып, шетелдік донорлардан ақша алып, оларды өз қалауынша, жеке мақсаттары үшін пайдаланды. Бұдан былай олар басқалар сияқты әділет министрлігінде тіркеледі. Банк шоттарын ашатын болады. Ашық жұмыс істей бастайды. Бұрынғыдай тәртіпсіздік болмайды" деді ол.

Оның пікірінше, шетелдік донорлар бұл заңға қарсы болып отыр, өйткені "үкіметтік емес ұйымдар оларды алдап жатыр".

"Олар "бізді қудалайды, шетел агенттері сияқты ұстайды" деп жалған ақпарат таратып жатыр. Донорлар соған сенді. Сол үшін олар менен бұл заңға қол қоймауымды сұрады" деді Жапаров. Ол "ешқандай қудалау болмайды" деп сендірді.

Наурыздың аяғында жүзден астам коммерциялық емес ұйымдар мен белсенділер президент Жапаровты даулы заң жобасына қол қоймауға үндеген. Олар құжатты әзірлегендердің "коммерциялық емес ұйымдар қаржыландыру көздері мен шығыстары туралы есеп бермейді" деген мәлімдемесі шындыққа жанаспайды деді.

"Қырғызстан республикасының заңына сәйкес, коммерциялық емес ұйымдар барлық заңды тұлғаларға, оның ішінде коммерциялық ұйымдарға белгіленген есептерді тапсырады, 2021 жылы КЕҰ үшін коммерциялық ұйымдарға жүрмейтін қосымша есептер белгіленді" деп жазылған хабарламада.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының бас хатшысы Аньес Калламар Қырғызстан президентінен бұл заңға вето қоюын сұрады. Ол заң қабылданса, "азаматтық қоғам Қырғызстан халқының құқықтарын жүзеге асыруды қолдауға үлес қоса алмай қалады" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG