Accessibility links

Amnesty бас хатшысы Қырғызстан президентінен "шетел өкілдері туралы" заңға вето қоюды сұрады


Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының бас хатшысы Аньес Калламар Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтан «шетел өкілдері туралы» заңға вето қоюды сұрады.

Ұйым жетекшісінің үндеуі Amnesty сайтында жарияланды.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының осы заңға вето қоюы маңызды, себебі құжат қабылданған жағдайда «азаматтық қоғам Қырғызстан халқының құқықтарын жүзеге асыруды қолдауға үлес қоса алмай қалады».

"Азаматтық қоғам ұйымдарының жұмыс істеуі үшін еркін және қолайлы орта құру көптеген құқықтарды қамтамасыз ету үшін маңызды. Әйел құқығы, ауылды дамыту және суға қолжетімділік, еңбек жағдайын жақсарту, медициналық қызметтерге қол жеткізу және мүгедектер үшін инклюзивті орта – азаматтық қоғам ұйымдары көбінесе халықаралық серіктестердің қаржылық көмегі арқылы шешетін көптеген мәселелердің бір бөлігі ғана" деп жазылған Amnesty International бас хатшысының үндеуінде.

Мұның алдында «шетел өкілдері туралы» заңға вето қоюды Қырғызстандағы жүзден астам коммерциялық емес ұйымдар мен белсенділер, сонымен бірге отыздан астам халықаралық ұйым Садыр Жапаровтан сұраған. Олардың айтуынша, заң қабылданған жағдайда, шетел қаражатымен қоғамға маңызды жобаларды жүзеге асырып отырған үкіметтік емес ұйымдар жабылады.

Жогорку Кеңеш «шетел өкілдері туралы» заңды 14 наурызда үшінші оқылымда қабылдаған. Заң жобасы авторлары үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдар жыл сайын грант алып, оны неге жұмсап жатқаны жөнінде есеп бермейтінін алға тартқан.

Жергілікті белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдар заң жобасын талай сынаған. Human Rights Watch (HRW) ұйымы да Бішкекті заң жобасын кері қайтаруға үндеген.

Еуроодақ мұндай заң қабылданған жаңдайда Қырғызстан халықаралық донорлардан айырылып қалуы мүмкін екенін ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG