Accessibility links

Reuters: Иран "Крокустағы" шабуылға дейін Ресейге теракт қаупі жайлы ескерткен


"Крокус Сити Холл".
"Крокус Сити Холл".

Иран 22 наурызда Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған шабуылдың алдын Ресейге ел аумағында ауқымды теракт болуы мүмкін екенін ескерткен. Бұл туралы үш дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.

"Тегеран шабуылдан бірнеше күн бұрын Мәскеуге Ресейде шабуыл болуы мүмкін екенін айтты. Бұл ақпарат Ирандағы жарылыстарды ұйымдастырды деген күдікпен ұсталғандардан жауап алу кезінде белгілі болды" деген агенттікке сұхбат бергендердің бірі.

3 қаңтарда Иранда ірі теракт болып, әйгілі қолбасшы, Иран революция сақшылары корпусының бұрынғы командирі Касим Сүлейманиді еске алу рәсіміне келген ондаған адам қаза тапты. Жарылысты "Ислам мемлекеті" ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) Ауғанстандағы бөлімі "Хорасан уәлаяты" тобы өз мойнына алды. "Крокустағы" теракт үшін де жауапкершілікті осы топ алған.

Ресей билігі ИМ-нің шабуылға қатысы туралы нұсқаға ресми түрде түсініктеме бермейді және терактіні Украинамен байланыстырды. Ал Киев шабуылға қатысы барын жоққа шығарды. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Иранның ескертуі жайлы ештеңе білмейтінін айтты.

АҚШ пен оның одақтастары Ресейдің ірі қалаларында, соның ішінде концерттерде теракт болуы мүмкін екенін ескертті. АҚШ Иранмен жақсы қарым-қатынаста емес. Ресей ФСБ АҚШ-тың шабуыл туралы ақпарат бергенін мойындады, бірақ оны "жалпы", егжей-тегжейлі емес деп атады.

Reuters дереккөздерінің бірі Иранның Мәскеуге берген ақпаратында шабуыл мақсаты туралы нұсқаулар болмағанын айтады. Иран билігі Мәскеуге "Хорасан уәлаяты" тобының мүшелері болуы мүмкін деген адамдар Ресейге шабуыл жасау мақсатында барғанын ескерткен.

Reuters агенттігі Ресей Украинаға басып кіргелі Иран мен Ресейдің қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша тығыз жұмыс істейтінін жазды.

  • Кейінгі мәліметтер бойынша, "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуылдан 144 адам мерт болды, 500-ден астам адам зардап шекті. Шабуыл жасады деген күдікпен төрт адам қамауға алынды, тағы бірнеше адам терактіге қатысы бар деген күдікпен тұтқындалды. Олардың көбі — Тәжікстан азаматы.
  • 1 сәуірде Ресей ФСБ бір күн бұрын Дағыстанда ұсталған бірнеше адам "Крокусқа" шабуыл жасағандарды қаржыландыруға және қамтамасыз етуге қатысқанын, оларға қару бергенін айтты. Ұсталғандардың Каспийскте теракт жасауға дайындалғаны хабарланды.

Наурыз айының басында Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі Калуга облысында "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған" Қазақстанның екі азаматы Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтіргені туралы хабар тарады. Ақпаратқа қарағанда, екі қазақстандық «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының "Хорасан уәлаяты" бөлімшесінің мүшелері болған. Бірақ олардың Қазақстанда тұратын туыстары Әшірәлиев пен Тасқұлов "террор тобына мүше болған" деген хабарға сенбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG