Accessibility links

Тоқаев тасқынға қатысты тағы сын айтып, бизнесмендерді халыққа көмектесуге шақырды


Шығанақ Берсиев ауылындағы тасқын. 30 наурыз, 2024 жыл.
Шығанақ Берсиев ауылындағы тасқын. 30 наурыз, 2024 жыл.

1 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынға қарсы шараларды үйлестіру және қар еру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында әкімдіктер мен министрліктер жұмысын тағы сынға алды. Оның сөзін Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

Тоқаев биылғы су тасқыны кейінгі 30 жылдағы ең ірі тасқын саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кеткенін айтқан. Оның сөзінше, қазір тасқыннан төнетін қауіп сейілген жоқ, "ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін".

"Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу" деді Тоқаев.

Ол "ішкі істер министрлігі, ұлттық ұлан, қарулы күштер мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет екенін" айтты.

Ақорда Тоқаевтың үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдар мен облыстардың әкімдеріне бірқатар тапсырма бергенін хабарлады.

"Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, "Қазақстан халқына" қорының қаржысын да пайдалану қажет" деді Тоқаев әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылған қорды атап.

Ол қанша қаржы қажет екенін айтпады, бірақ "елдегі бизнес өкілдерін осындай жауапты сәтте халыққа қол ұшын созуға" шақырды.

"Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп" деді Тоқаев.

Кәсіпорын аты нақты аталмады, бірақ президент олардың арасында "Самұрық-Қазына" қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар деп мәлімдеді.

"Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті үкіметке су басқан өңірлерде әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды. Тоқаев қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеуді және шаралар қабылдауды тапсырды.

Тоқаев әкімдіктер "еріген қар суын елдімекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек" деді.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда су ресурстары, ирригация салаларында маман тапшы. Ол үкіметке "осы мәселе бойынша шұғыл түрде шешім қабылдауды" тапсырды. Президент үкімет бекіткен су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды.

Оның сөзінше, "құжат тасқын салдарының шығынын алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Тұжырымдаманы қайта қарау тапсырылды".

"Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, төтенше жағдайлар министрлігі, су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет" деді Тоқаев.

  • Ресми мәліметке сәйкес, су тасқынынан Қазақстанның 10 облысы зардап шегіп отыр. Елдің батысы мен солтүстігіндегі ахуал қиын. Мыңдаған адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Зардап шеккен аудандардың тұрғындары жергілікті билікті "су тасқынынан дайын болмады" деп сынға алды.
  • Өткен аптада ТЖ қызметі Абай облысы Аягөз ауданында үш ер адам жоғалғанын, оларды іздеп жатқанын хабарлады. Қарағаш ауылының екі тұрғыны Борлы өзенінен трактормен өтпек болғанда судың ортасында қалған. Ресми органдар мұны су тасқынымен байланыстырмайды.
  • 30 наурызда шұғыл кеңес өткізген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы дер кезінде шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары әкімдеріне қатаң сөгіс беріп, қызмет міндетіне толық сай келмеуіне байланысты ескерту жасады. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG