Accessibility links

Су басқан өңірлерде мектептер қашықтан оқуға көшеді


Ақтөбедегі саяжайлардан эвакуацияланған балалар 18-мектептің спорт залында ойнап отыр. 29 наурыз, 2024 жыл.
Ақтөбедегі саяжайлардан эвакуацияланған балалар 18-мектептің спорт залында ойнап отыр. 29 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстанда су тасқынына байланысты 88 білім беру мекемесі оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтан оқу форматында бастайды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Су тасқыны қаупі бар аймақтарда 56 мектеп, сондай-ақ эвакуация орталығы орналасқан 32 мектеп қашықтан білім алуға көшеді.

"Дүйсенбіден бастап 3 миллионнан астам оқушыға 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталады. Су тасқыны болған өңірлерде оқушылар қашықтан оқуға көшеді. Эвакуациялық пунктердегі балаларға көмек көрсету үшін психологиялық қызметтер іске қосылды. Балаларға қашықтан оқуға қажет оқу құралдары, киім-кешек пен техникалық құралдар берілді. Эвакуацияланған 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді министрліктің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.

Ақтөбе облысы білім басқармасының хабарлауынша, өңірде эвакуациялық пункт орналасқан 39 мектеп, апаттан зардап шеккен және су басу қаупі бар 21 мектеп қашықтан оқытуға көшеді. Қалған мектептер мен балабақшалар, колледждер штаттық режимде жұмыс істейді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау, Абай облыстарында 12 701 адам, оның ішінде 4 728 бала эвакуацияланған.

Ресми мәлімет бойынша, 39 автожолды су бұзып кеткен, арасында бір көпір бар. 299 жеке тұрғын үй мен 673 аула аумағынан су шығарылды, тағы 1267 жеке тұрғын үй мен 486 аула су астында қалды деп хабарлады ТЖМ.

Су басқан кейбір елді мекендерде тұрғындар жергілікті билікті "тасқынға алдын ала дайындалған жоқ, дер кезінде қар тазаламады" деп сөкті. Еріген қар суы үйлерді, шаруашылық нысандарын, құрылыстарды басып, көпірлер мен дамбаларды бұзып, жолдарды бүлдірген.

30 наурызда шұғыл кеңес өткізген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы дер кезінде шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары әкімдеріне қатаң сөгіс беріп, қызмет міндетіне толық сай келмеуіне байланысты ескерту жасады. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG