Accessibility links

Ақтөбеде тасқын судан әуежай жабылды


Тасқын су басқан Ақтөбе. Ақтөбе қаласы, 27 наурыз, 2024 жыл.
Тасқын су басқан Ақтөбе. Ақтөбе қаласы, 27 наурыз, 2024 жыл.

Ақтөбе облысындағы 12 ауданның Қарғалыдан өзгелері су тасқынынан түгел зардап шеккен. Үй-жайын тасқын су басқан Қобда ауданындағы Қанай, Шалқар ауданындағы Бүйректөбе, Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, Жағабұлақ ауылының 74 тұрғыны "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына тиесілі кеніштегі мұнайшылар жатақханасын уақытша паналап отыр.

Ақтөбе әкімдігі облыс орталығындағы үш мектептің ғимаратына су кіргенін хабарлады. Әзірше тасқыннан бүлінген тұрғын үйлер мен ғимараттар саны туралы толыққанды мәлімет жоқ. Су шайып кеткен тас жолдар, көпірлер мен қатынассыз қалған елді мекендер облыстың барлық ауданында бар.

Сәрсенбі күні таңғы алтыдан бастап Ақтөбе әуежайы сыртқы және ішкі рейстерді қабылдауды тоқтатты. Себебі әуежайдың ұшып-қону жолағын тасқын су басқан. Әуежай әкімшілігі бастапқыда ұшу жолағы кешкі беске дейін тазартылады деп хабарлаған болатын. Кейін әуежайдың сағат 21.00-ге дейін жабылғаныны белгілі болды.

Әлия Молдағүлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайының мәліметінше, 27 наурыз күні тасқын судың салдарынан 14 рейс кешіккен. Оның екеуі — Египет пен Түркияға ұшуға тиіс сыртқы рейстер.

Азаттық тілшісі Әлия Молдағұлова атындағы әуежайға барғанда ұшу алаңында өрт сөндіру қызметінің төрт көлігі тұрғанын көрді. Одан бөлек құм тиеген жүк көліктері ұшу алаңына толассыз кіріп жатты.

Қар суы облыс орталығы Ақтөбедегі көшелер мен қала іргесіндегі елді мекендерге де жайылды. Желіде тасқынмен өз бетінше күресіп жатқанын хабарлап, наразылық танытушылар өте көп. Олар құтқарушыларға хабарласып, екі күннен бері көмек шақыра алмай отырғанын жазған.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, су тасқынымен күреске департаменттің толық құрамы, әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Одан бөлек Маңғыстау облысынан көмекке келген елу адам мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері де жер-жерде жұмыс істеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG