Accessibility links

Путин "Крокустағы" атысты Украинамен байланыстырды, бірақ оған дәлел жоғын мойындады


Владимир Путин
Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу маңындағы "Крокус Сити холл" концерт залына жасалған шабуылды Украинамен байланыстырды. Ол мұны 25 наурызда өткен жиында айтты. Путиннің сөзінше, тергеу тарабында бұл нұсқаны растайтын дәлел жоқ. Жиында шабуылдан қаза болғандар саны 139 адамға жетті деген дерек айтылды.

"Бұл қылмысты радикал исламшылдар жасағанын білеміз... Бірақ оған қоса, АҚШ-тың өз серіктестері мен әлемнің басқа елдерін Мәскеудегі шабуылға Киевтің қатысы жоқ деп, қанды шабуылды Ресейде тыйым салынған ИМ ұйымының (өзін өзі "Ислам мемлекеті" деп атайтын террорлық ұйым - ред.) мүшелері жасады дегенге сендіруге тырысып жатқанын көріп отырмыз. Ресей мен оның халқына қарсы бұл зұлымдықты кім жасағанын білеміз. Біз бұған тапсырыс берген кім екенін білгіміз келеді", – деді Путин.

Ол осы шабуылды Ресеймен "Киевтегі неонацистік режимнің қолымен" соғысып жатқандардың тізбекті шабуылдарының "бір бөлігі ғана" деп сипаттады. Путин кімді меңзегенін ашып айтқан жоқ. Бұдан бұрын ол [Украинадағы] соғысты тұтатты деп "ұжымдық Батысты" айыптаған.

Ресей басшысы қылмысқа тапсырыс берушілер туралы сұраққа жауапты тергеу беруге тиіс деп мәлімдеді. Бұған қоса Путин радикал исламистердің Ресейге шабуыл жасауға мүдделі болу себебін және оларға "күллі мұсылман үшін қасиетті Рамазан айында асқан аюандық пен қылмыс жасауға не себеп болғанын" анықтауды тапсырды.

Бұған дейін Ресей президенті тергеудің алдын ала мәліметіне сүйеніп, "Крокус Сити холлға" шабуыл жасаушыларға Украинамен шекарадан қауіпсіз түрде өту мүмкіндігі уәде етілген деп мәлімдеген еді. Бірақ ол мәлімдемені растайтын ешқандай дәлел-айғақ келтірген жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні Мәскеу түбіндегі терактіге қатысты пікір білдіріп, Путинді "терактіге кінәні Украинаға артуға тырысып жатыр" деп айыптаған.

ИМ террор ұйымының Ауғанстандағы бөлімшесі Мәскеудегі терактіге жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеп, шабуылға қатысқан адам камераға түсірген атыс видеосын жариялады.

Америкалық баспасөз құралдары АҚШ-тың барлау агенттіктері шабуыл жасалуы мүмкін екенін Мәскеуге алдын ала ескерткенін хабарлады. Мәскеу соты "шабуыл жасады" деген күдікпен ұсталған төрт адамды тұтқындады.

АҚШ вице-президенті Камала Харрис ABC News-ке берген сұхбатында "Мәскеудегі шабуылға Киевтің қатысы бар" деген нұсқаны жоққа шығарып, оған ешқандай дәлел жоғын айтты. Бұл нұсқаны Украинаның жоғарғы лауазымды шенеуніктері де жоққа шығарды.

Украина президенті Владимир Зеленский 23 наурыздағы видеоүндеуінде Путин шабуылды Киевтің мойнына артуға тырысып жатыр деп мәлімдеді. "Егер ресейліктер "Крокустарда" үнсіз өлуге және өз барлау агенттіктеріне ешқандай сұрақ қоймауға дайын болса, онда Путин тағы да мұндай жағдайларды жеке билігінің пайдасына бұруға тырысады", – деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG