Accessibility links

Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити холл" концерт залында атыс болды. 60-тан астам адам қаза болған


Жұма, 22 наурыз күні кешке Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында орналасқан "Крокус Сити холл" концерт залында қаруланған белгісіз біреулер адамдарға оқ жаудырған. Ресей тергеу комитеті "Крокустағы" терактіден 60-тан астам адам қаза болғанын хабарлады. Қаза болғандар артуы мүмкін. 100-ден астам адам жарақат алған.

Белгісіз қарулы топ Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити холл" концерт залына 22 наурыз кешке – мыңдаған адам жиналған концерт басталар кезде шабуыл жасаған.

Әлеуметтік желіде тараған видеолардан қарулы топтың ғимарат ішінде жүргені, кездескендердің барлығына оқ жаудырғаны көрінеді. Шошынған жұрт жүгіріп, сыртқа шығуға ұмтылған.

Ғимаратта кемінде екі жарылыс болып, өрт тұтанған.

Ресей тергеу комитеті теракт туралы қылмыстық іс қозғады.

Концерт залына келген құқық қорғау органдары ғимаратты қоршап, жұртты шығарып, шабуылдағандарды іздеген. Күштік құрылымдардың ғимаратқа басып кіргені, шабуылдағандардың жасырынып үлгергені, арнайы жасақтың оларды іздегені жөнінде хабар тарады. Әлеуметтік желіде шабуылдағандар қашқан болуы мүмкін көліктің суреті жарияланды.

Ресейдің көптеген қалаларында демалыс күндерге белгіленген қоғамдық шаралар кейінге шегеріліп, қоғамдық орындар жабылды.

Сенбіге қараған түні Мәскеуде Tele2, "Мегафон", "Билайн" және МТС ұялы байланыс нашарлаған.

ШАБУЫЛДЫ КІМ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ?

Ресей Украинада соғысып жатқандықтан кейбір ресейлік саясаткерлер шабуылдың артында украин күштері тұрған болуы мүмкін деп мәлімдеме жасады. Ал Киев оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеп, "біз террористік әдістерге жүгінетін Ресей емеспіз" деді.

АҚШ та шабуылға Украинаның қатысы жоғын мәлімдеді. Екі апта бұрын АҚШ елшілігі Ресейде жүрген азаматтарына алдағы күндері Мәскеуде ірі теракт болуы мүмкін екенін, адам көп жиналатын жерлерге бармау қажетін ескерткен еді. Сайлаудан кейін Ресей басшысы Владимир Путин батыс елдерінің ықтимал теракт жөнінде мәлімдемесін "қоғамды қорқыту үшін" жасалып отырған "арандату сипатындағы" әрекет деп атаған.

"Крокус Сити холлға" шабуылдан кейін бірнеше сағаттан соң шабуылды ДАИШ ("Ислам мемлекеті") террористік тобы мойнына алғаны жөнінде хабар тарады. "Бұл мәлімет жалған" деп аталды, алайда ізінше АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздерге сүйенген CBS және New York Times Мәскеудегі шабуылға ДАИШ қатысы барын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ бұған дейін Ресейге барлау деректерін берген.

NYT-тің жазуынша, мәселе ДАИШ-тың Ауғанстанда шоғырланған бөлімшесі жөнінде болып отыр. Олар Ресейдің Ауғанстан, Шешенстан және Сириядағы әрекеттері үшін кек алғысы келеді, деп айтылады.

РЕАКЦИЯ

"Крокус Сити Холдағы" оқиғаға байланысты АҚШ әкімшілігі көңіл айтты. "Мәскеуден түсіп жатқан хабарламалар мен видеоларды бәріміз көріп отырмыз... Көбірек ақпарат алуға тырысамыз" деді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өкілі Джон Кирби брифинг кезінде. "Шабуыл құрбандарымен біргеміз" деді Кирби.

Германия, Ұлыбритания, Түркия және 20-дан астам ел шабуылды айыптап, Ресей азаматтарына көңіл айтты. Еуроодақ пен БҰҰ да бейбіт азаматтарға қарсы жасалған шабуылды айыптады.

Қаза болғандардың туыстарына Юлия Навальная да көңіл айтты.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин "Қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын. Оқиға кезінде зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек беру туралы бұйрық бердім" деді.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президентіне "Крокус сити холда атыс басталған мезеттен бастап ақпарат берілгенін" айтты. Ресей ақпарат құралдары Путин ресейліктерге мәлімдеме жасайтынын жазған, алайда "Ведомости" басылымы кейін белгісіз дереккөздерге сүйене отырып, "президенттің арнайы мәлімдеме жасайтыны жөнінде ақпарат тым ерте хабарланғанын" жазды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Крокус Сити Холға" шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді. Ведомство қазақстандық дипломаттар мән-жайлы анықтап жатқанын хабарлады.

7 наурызда Ресей ақпарат құралдары ФСБ " Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған "Ислам мемлекеті" террор ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) Ауғанстандағы "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесінің мүшелері өлтірілгені" жөнінде хабар таратты. Кейінірек ресейлік ASTRA телеграм-арнасы ФСБ Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы – Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтірген деген ақпарат жариялады. Онда Қазақстан азаматтары Ресей аумағына 28 ақпан күні барған деп көрсетілген. Сол күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейде екі қазақстандық қаза болғанын растады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG