Accessibility links

"Пропагандалық бюрошюра". Ресейлік жаңа тарих оқулығы балаларды соғысқа дайындайды


Владимир Путиннің националист көмекшісі Владимир Мединский 11 сыныпқа арналған жаңа тарих оқулығын таныстырып отыр. 7 тамыз 2023 жыл.
Владимир Путиннің националист көмекшісі Владимир Мединский 11 сыныпқа арналған жаңа тарих оқулығын таныстырып отыр. 7 тамыз 2023 жыл.

Ресей үкіметі жоғары сынып оқушыларына арналған жаңа тарих оқулығын таныстырды. Кей азаматтар оқу құралы украиндерге қарсы жеккөрініш туғызып, оқушыларға соғысқа не үшін бару керегін түсіндіреді дейді.

Ресей мен Украинаның оккупацияланған аудандарында жаңа оқу жылы басталды. Мемлекет 11 сынып оқушыларына тарих пәні бойынша 650 мың су жаңа оқулық таратқан.

— 1970-2000 жылдар аралығы толықтай қайта жазылды, — деді президент Владимир Путиннің националист көмекшісі, 2012-2020 жылдары мәдениет министрі болған, оқулық авторларының бірі Владимир Мединский. Ол 8 тамызда кітаптың тұсаукесерін өткізді.

Автордың сөзінен оқулыққа 2014 жылдан, басқаша айтқанда, Ресей Қырымды тартып алып, Украинаның шығысында соғыс бастағаннан бері қарайғы оқиғалар да қосылғанын аңғаруға болады. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіріп, бұл басқыншылығын "арнайы әскери операция" деп атайды. Мәскеу соғыс сөзін қолданып, Ресейдің әскери басқыншылығын сынағандар заң алдында жауапқа тартылады.

— Оқулықта шағын хикаялар мен қызық фактілер көп. Иллюстрациялары да жетерлік. "Арнайы әскери операцияға" арналған бөлім де бар, — деді автор.

Сыншылар жаңа оқулықтың тарихқа еш қатысы жоқ, бұл Совет Одағы кезіндегі идеологиямен сананы улау тәжірибесіне ұқсайды дейді. Олардың сөзінше, мемлекет болашақта әскерге шақырылуы мүмкін жастарды осылай дайындағысы келеді.

— Жаңа тарих оқулығы — әскерге шақырылатын жастар мен олардың құрбыларына арналған кітап. Үкіметтің қолында жастармен тиімді коммуникация орнату құралдары жоқ. Олар теледидар қарамайды, сондықтан жастарды әскерге баруға мәжбүрлеу қиын, — дейді саяси технологиялар орталығы басшысының орынбасары Алексей Макаркин.

— Үкімет тарихты оқушыларды бағындыруға көмектесетін құрал көріп отыр, — дейді ресейлік педагог Дима Зицер.

"АРЗАН МАНИПУЛЯЦИЯ"

Азаттық тілшісі оқулықты іздеп таба алмады. Тамызда RBK сайты телеграмға жаңа тарих оқулығы делінген кітаптың суреттерін жариялаған. Онда Украинадағы соғысқа және Ресейдің Батыс елдерімен қарым-қатынасына арналған бөлімдер көрсетілген.

Кітапта Владимир Путиннің "Украина — ультранационалистік, неонацистік мемлекет"; Киевті Батыс елдері басқарып отыр, олар Ресейді талан-таражға салып, табиғи байлығын тонағысы келеді; 2020 жылы НАТО кеңесшілері Киевті Донбассқа шабуылдауға итермеледі; Украинада америкалық құпия биозертханалар құрылған; Киев ядролық қаруға қол жеткізгісі келеді деген сөздері қайталанған.

Оқулықта 2014 жылы Қырымды тартып алып, 2022 жылы Украина территориясына басып кіргеннен кейін Батыс елдерінің Ресейге қарсы салған санкциялары "халықаралық құқықтың барлық нормасын бұзатын заңсыз әрекет" деп сипатталады.

Оқулықта "Батыс санкциялары салдарынан, Ресейден 300 миллиард доллар көлеміндегі жеке және мемлекеттік мүлік тоналғаны" да жазылған. Авторлар Батыс елдерінің әрекеті Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде советтік мұражайларды тонаған нацистердің әрекетіне ұқсайды деп жазады.

Кітапта Украинадағы соғыстың негізгі бенефициары — АҚШ деп көрсетілген. Бірақ Ресей соғыс бастамай тұрып, Украина шекарасына 100 мың әскерін орналастырғанда АҚШ кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге шақырған еді.

"Нәтижесінде АҚШ Еуропаға өзінің қымбат табиғи газы мен басқа да ресурстарын сата бастады. Америка соңғы украин қалғанша соғысады" делінген оқулықта.

RBK жариялаған оқулықтың суреттерінен аңғарылғандай, кітапта оқушыларға "шетелдік агенттер" әрекетінің құпталмайтынын айтылады. Кейінгі жылдары Ресейде белсенділер, азаматтық қоғамдар мен тәуелсіз журналистер "шетелдік агент" деп танылған. Авторлар оқушыларды оппозиционерлер, танымал блогерлер мен қоғамдық пікірге ықпалы бар адамдардан сақ болып, арзан манипуляцияға берілмеуге шақырады.

Тарих оқулығында Украинада қаза тапқан жауынгерлердің қысқаша биографиялық очерктері де бар.

— Қаһармандардың суреттерін де қостық. Бәрі командирлер мен марқұмдардың жақындарының мақұлдауынан өтті. Батырлардың балалары мен әйелдері келісімін берді, — деді оқулық авторы Мединский.

"АЛАЯҚ АВТОР"

Мединский — оқулықты дайындауға қатысқан авторлардың ішіндегі ең танымалы. Көбі оны күмәнді тарихшы деп таниды. Ол "Аңыздар" деген кітаптар сериясын жазған. Онда автор шетелдіктердің Ресей туралы ойлап тапқан стереотиптерін жинап, жоққа шығарады. Тарихшы Алексей Исаев Мединскийдің "Соғыс: 1939-1945 жылдар туралы аңыздар" деген кітабын "агитпропаганда" деп атаған.

2012 жылы қаңтарда бір топ тарихшы Мединскийдің докторлық диссертациясы плагиат деп мәлімдеді. Олар диссертациядан басқа тарихшылардың еңбектерінің үзіндісін тауып, суретін жариялаған. Тарихшы Лев Усыскин авторды "ғылыми дәрежесін қолдан жасап алған алаяқ" деп айыптады.

2017 жылы қазанда Ресейдің жоғарғы ғылыми кеңесі Мединскийді ғылымға жатпайтын зерттеулері және өз тезистеріне қайшы ақпарат көздерін негізге алмағаны үшін докторлық дәрежесінен айыру туралы шешім шығарды.

Тілтанушы Иван Бабицкий Мединскийдің диссертациясын "пропагандалық бюрошюра" деп бағалады.

Жаңа тарих оқулығы авторларының қатарында Жалпы тарих инстиутының директоры Александр Чубарян мен Халықаралық қатынастар жөніндегі Мәскеу мемлекеттік институтының ректоры Анатолий Торкунов та бар.

Кітаптың тұсаукесерінде білім министрі Сергей Кравцов оқулық "әдебиет, қоғамтану және тарих бойынша бірыңғай білім беру жүйесінің бір бөлігі" екенін атап өтті.

— Тарих біз үшін шешуші рөл атқарады. Президентіміз тарихи жадымызды бұрмалауға болмайды, мектепте объективті фактілер оқытылуы керек деп бірнеше рет айтты. Сондықтан 11 сынып оқушыларына арналған оқулыққа қазір өзекті болып отырған фактілерді қостық, — деді министр.

Өткен оқиғалар туралы жиі айтатын Путинді сыншылар мен шетелдік сарапшылар тарихты бұрмалағанды жақсы көретін адам деп атайды. Ол Украинаға қарсы соғыс бастамас бұрын, көрші мемлекеттердің тарихы, халқы, Ресеймен қарым-қатынасы туралы көп жалған мәлімдеме жасаған.

"ТАРИХИ АБСУРД"

Путин билікте болған 20 жылдан астам уақытта Мәскеу "патриоттық тәрбиеге" баса мән беріліп келді. Былтырғы оқу жылында Ресейде "Маңызды әңгіме" бағдарламасы енгізілді. Оған сәйкес, мұғалімдер апта сайын "патриоттық тақырыпта" тәрбие сағатын өткізіп, оқушыларға ішкі және сыртқы оқиғаларды Кремльдің сарынымен түсіндіреді

— Кез келген репрессивті диктатура, әсіресе, агрессивті соғыс жүргізіп отырған мемлекет осыған мұқтаж. 21 ғасырда шет мемлекетке қарсы агрессияны аңыздан басқа жолмен ақтай алмайсың. Олар тарихи абсурд пен Ұлы Петр, Екатерина патшайым, Ленин, Сталин сияқты "орыс жерін жинаушы" адамдардың жетістіктерін біріктіріп, ақталғысы келеді, — дейді Кремльдің қарсыласы, қазір шетелде тұратын бұрынғы депутат Александр Осовцов.

Украин саясаттанушысы Евгений Магда оқулық авторлары "бұл еңбек патриоттық сезімді арттырып, мобилизацияны жеңілдетеді деп үміттенетінін" айтады.

— Оқулық 11 сынып оқушыларына арналған. Демек оны оқыған балалар ертеңгі күні неге әскери форма мен бәтеңке киетінін түсінуі керек, — дейді сарапшы.

Украинаның тарихшысы Сергей Гуцалюк жаңа оқулық кейін халықаралық трибуналда айғақ ретінде қолданылады деп үміттенеді.

— Бұл Ресейдің агрессивті саясатын идеологиямен қолдап отырғанын көрсетеді, — дейді ол.

Ресейлік саясаттанушы Дмитрий Орешкин Путин үкіметінің тарихқа көзқарасын Совет одағының тәжірибесімен байланыстырады. Ол кезде де тарихи деректер шындыққа жанаспайтын, олардың міндеті — идеологиялық негіз қалыптастыру еді.

— Тарих билеуші партияның мүддесіне қарай өзгеріп отырады. Сондықтан Советтік Ресей тарихы аяқ астынан өзгеретін мемлекет болды, - дейді ол.

Ресейлік тарихшы әрі педагог Сергей Чернышевтің пікірінше, Мединскийдің оқулығы фактілер мен сараптамаға емес, эмоцияға негізделген.

— Кітаптың басты мақсаты — украиндерге қарсы жеккөрініш туғызу, — дейді ол.

Педагог 11-сынып оқушылары кітап оқымайтын шығар деп үміттенеді. Ол пропагандаға жасөспірімдердің немқұрайлығы ғана қарсы тұра алады деп санайды.

Жоғары сынып оқушыларының көп жайтқа, оның ішінде Украинадағы соғысқа қатысты қалыптасқан өз пікірі бар деп сенетіндердің бірі — ресейлік педагог Дима Зицер.

— Әзірге 11 сыныпқа арналған оқулық туралы ғана айтып отырмыз. Бірақ бұл 5-6 сынып оқушыларына да дәл осындай кітап шықпайды дегенді білдірмейді. Олар қазірдің өзінде осындай жаңа оқулықтар дайындауға уәде беріп отыр, — дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG