Accessibility links

"Путин жағымсыз жаңалық естігісі келмейді". АҚШ әскери сарапшысы Ресей соғысының алғашқы жылы жайлы


Ресей президенті Владимир Путин "Отан қорғаушыларына мадақ" деп аталған концерт кезінде әскери қызметкерлермен амандасып тұр. 22 ақпан 2023 жыл
Ресей президенті Владимир Путин "Отан қорғаушыларына мадақ" деп аталған концерт кезінде әскери қызметкерлермен амандасып тұр. 22 ақпан 2023 жыл

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл толды. Ондаған мың адам қаза тапты, миллиондаған жұрт көшуге мәжбүр болды, миллиардтаған доллар шығын келді. Бір жыл өтсе де, соғыстың бітер түрі жоқ.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутов америкалық Сыртқы саясатты зерттеу орталығының әскери сарапшысы Роб Лимен сұхбат құрып, соғыс қалай өрбіп жатқанын, оған қандай факторлар әсер ететінін сұрады.

Сұхбаттың күрделі тұстарын ұғынықты ету үшін қысқарттық, ықшамдадық.

Азаттық: Былтыр Ресей басқыншылық соғысын бастағанда, осылай ұзаққа созылады деп ойладыңыз ба?

Роб Ли: Бұдан қысқарақ болар деп ойлағанмын. Бірақ Ресейдің көздегені де мұншалық ауқымды болар деп ойламадым. Қазір білетініміз, Ресей лидерлері бұл соғыстан шыққысы келмейді. Олар амбицияға толы мақсаттарына әлі де қол жеткізгісі келеді.

Бұл соғысқа Ресей әскерінің әлеуеті, Украина әскерінің әлеуеті және Украина халқының қалауы жайлы жалған түсініктер түрткі болғаны анықталып отыр.

Енді соғыс неге мұншалық ұзаққа созылды деген сұраққа оралсақ. Меніңше, Ресей басшылығы бөлек әлемде өмір сүрді. Олар шынайы жағдайдан, фактілерден алшақ болып, шешімдерді нашар ақпарға сүйеніп қабылдады. Қазір де солай болар.

Соғыс жақын арада аяқталады деп ойламаймын. Ресей тым көп күш салып қойды. Тым көп шығындалды. Олар қандай да бір мақсатқа қол жеткізіп барып кеткісі келеді. Бірақ Ресей соғысты тоқтату үшін нені жеткілікті деп санайтыны түсініксіз. Әскери жағдайы жақсарса, қалауы күшейетіні анық. Донбассты түгел алғысы келуі, одан көпті көздеуі ықтимал.

Азаттық: Қазіргі ахуалға, соның ішінде Донбассқа өтейік. Қазіргі жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақтылығына қандай факторлар әсер етіп жатыр, алда не өзгеруі мүмкін?

Роб Ли: Ол жерде Украинаның қорғанысы басынан мықты еді. Олар соғысты ушықтыратын қандай да бір жағдай болса, ол жағдай Донбасста болады деп күтті. Сол себепті олар соғыс бастала сала, Донбассқа көңіл бөлді. Яғни Украинадағы Ресей бекінісі бекем жерге шабуылдаған. Қорғануға бекініп отырған, сарбаздары мен артиллериясы, барлауы мықты жауға шабуылдау үшін күш одан мықты болуы қажет. Онсыз қорғанысты бұзу қиын. Бұл – жаңалық емес, мұны Бірінші дүниежүзілік соғыс тәжірибесінен білеміз.

Оған қоса, Херсон мен Харьков облыстарындағы жағдай Ресей әскері мобилизациядан кейін де әлсіз болып отырғанын көрсетті. Қорғаныс бекінісі мықты болмады, әскери күш арақатынасы дұрыс болмады. Сол себепті Украина соғыс шебінің әлсіз тұсын тауып, қорғанысын бұзып өте алды.

Украина артиллерия бөлімі Бахмут түбінде Ресей позицияларын атқылап жатыр. 24 қаңтар 2023 жыл.
Украина артиллерия бөлімі Бахмут түбінде Ресей позицияларын атқылап жатыр. 24 қаңтар 2023 жыл.

Шабуылдаушы қорғанушының басымдығын еңсеретіндей күшке ие болуы керек. Әдетте бұл – әуедегі басымдық немесе артиллерия мен қару-жарақтың саны мен сапасындағы басымдық, сарбаздардың санындағы басымдық. Қазір ешбір тарапта мұндай басымдық жоқ.

Украинаның әскери рухы мықты, шайқасуға дайын. Алайда әскер сапына жаңа түскендерді дайындауға көп уақыт кетеді. Сол себепті екі жақ та соғысқа енді тартылған сарбаздарды шабуылдауға оң пайдалана алмайды. Ресей бірнеше ай бойы Бахмут түбінде шабуылдап жатыр. Бұл шабуылда олар тірі күш тұрғысынан шығынға қатты батты. Тек кейінгі уақытта болмашы нәтижеге қол жеткізіп, белсенділігін азайтқандай болды. Ал Украина әскері майдан шебін жақсылы-жаманды қорғап тұр.

Ресей әскерінің Донбасста үлкен жетістікке жете алмауына артиллерия снарядтарының аздығы да себеп болды. Одан бөлек, кәсіби дайындығы жоғары деген әуе-десант күштері мен теңіз әскерінің жалпы әскерге шаққандағы арақатынасы өте төмен. Ал ірі шабуылдау кезінде осындай құрылымдардың көп болуы басымдық берер еді. Ал әзірге Украина майдан шебіндегі бұл құрылымдарды титықтатып, олардың екпінін тежеп отыр. Ал олардың орнына келгендер шабуылға дем беруге жарамайды. Белгілі бір деңгейде Украина да осы жағдайға тап болып отыр. Қазір оларға Херсондағыдай қарымта шабуыл жасау қиынға соғады. Ол кезде олар кәсіби әскери құрылымдарының сапындағы көптеген сарбазынан айырылды.

АҚШ Украинаға алдағы алты айда елеулі жетістікке қол жеткізу керек деп отыр. Әйтпесе әскери қолдау әлсірейді дейді. Бірақ Украина маңызы төмен мақсаттарға қол жеткіземін деп, әскери күштерін отқа айдамауға тиіс. Оның орнына Ресей қорғанысының ең әлсіз тұсын тауып, оккупацияланған аумақтың мейлінше көп бөлігін азат етуі қажет. Әзірге Украина мұны қаншалық орындай алатыны белгісіз. Егер екі жақта үлкен шығынға батып жататын болса, бұл Ресейге тиімді. Өйткені Украинаға қаза тапқандардың орнына жаңа сарбаз тарту қиынырақ.

Азаттық: Соғыста сан сөйлейтінін айтатындар бар. Бұл тұрғыдан, Ресейдің әскери тың азаматтарды жұмылдыру әлеуеті едәуір жоғары. Бұл Украинаға үлкен қиындық тудыра ма?

Роб Ли: Иә. Меніңше, Ресейдің 300 мың сарбазды мобилизациялағаны шындыққа жанасады. Бірақ мобилизацияның «екінші толқыны» туралы айту қисынға келмейді. Өйткені ол қатары азайған әскерді күшейту үшін тұрақты жүріп жатыр. Адам ресурсына келгенде Ресейдің артықшылығы бар. Мобилизация Путин билігіне қауіп төндіретіндей наразылық тудырмады. Сол себепті Ресей мұны жалғастыра береді. Қалыпты соғыста тірі күш әлі де маңызды рөл атқарады.

Азаттық: Украинаға жаңа шабуыл бастау үшін ең жетіспей жатқаны не?

Роб Ли: Біріншіден, артиллерия снарядтары. Угледардағы жағдайдан көріп отырғанымыз, Ресей әлі де күн сайын Украинаға қарағанда едәуір көп артиллериялық снаряд қолданып жатыр. Бұл – проблема. Екіншіден, әуедегі басымдық. Онсыз кез келген шабуыл ауырлай түседі. Бірақ түбінде бәрі де әскердің жалпы әлеуетіне байланысты. Жетістікке жету үшін барлығы маңызды. Қазіргі мәселе – Украинадағы снаряд қоры. Дәлдігі жоғары снарядтар, 20-30 шақырымдағы жауды анықтауға мүмкіндік беретін орта радиустағы дрондар, ұзаққа ұшатын ракеталар – осының бәрі Украинада жеткілікті көлем бе деген сұрақ тұр. HIMARS-тан ұшқан ракета жетпейтін жерлерде орыстар өздерін еркін ұстайды, техникасы мен оқ-дәрісін жасырмай-ақ, топтап қоя салады. Тірі күшке келсек, Украинада мобилизация ресурсы бар, бірақ оларды жаттықтыруға уақыт жетпей жатыр.

Мобилизацияланған Ресей сарбаздары Қазан қаласында сапта тұр. 21 қыркүйек 2022 жыл.
Мобилизацияланған Ресей сарбаздары Қазан қаласында сапта тұр. 21 қыркүйек 2022 жыл.


Азаттық: Батыстың Украинаға беріп жатқан көмегі уақыт өте азаюы мүмкін екенін айттыңыз. Көмек тоқтады делік. Украина әскерінің шамасы қазір майдан шебін сақтап қалуға жете ме?

Роб Ли: Мұндағы негізгі фактор – артиллерия снарядтарының саны. Бірақ Украина толықтай қорғанысқа көшетін болса, оған шабуылдағанға қарағанда едәуір аз снаряд қажет. Былтыр көктемде және жазда Ресей күн сайын өте үлкен көлемде артиллериялық снаряд шығындады. Соның арқасында кей аумақтарды басып ала алды. Қазір ол кезге қарағанда аз жұмсайды, бірақ әлі де көп. Егер Украинаны артиллерия снарядымен жабдықтау тоқтаса, Украина әскері қорғанысқа көшуге мәжбүр болады.

Бірақ бұл жерде бәрі Ресейге байланысты. Олар артиллериялық снарядтарды шығарып жатыр, бірақ олар қоймадағысын тауысуға таяп қалды. Олар Ираннан дрон мен ракета алып жатыр. Солтүстік Кореядан да артиллерия снарядын алғалы отырғаны айтылады.

Азаттық: Ресей әскерінің соғыстағы кемшілігі туралы көп айтылды. Бірақ негізгі проблема басшылыққа жағымсыз жаңалықты айтуға құлықсыздық сияқты. Бұл жағынан өзгеріс бар ма?

Роб Ли: Жалпы алғанда, өзгеріс бар, бірақ жеткілікті емес. Бұл мәдениет соншалық өзгерді деп ойламаймын. Бұл проблемалардың қайсысы әскердің фундаментал мәселесі екені, қайсысы қарулы күштердің Владимир Путиннің шұғыл талабына білдірген реакциясы екенін ажырату қиын. Бірақ, меніңше, Путиннің жағымсыз жаңалық естігісі келмейтіні анық. Сол себепті Ресей генералдары оған жақсы жаңалық айтқысы келеді. Бұл дегеніңіз Ресей генералдары полковниктерден жақсы жаңалықты талап етеді дегенді білдіреді. Дәл осылай төмен қарай кете береді. Егер сізде оқ-дәрі жетпей, мобилизацияланған сарбаздардың тәртібі нашар болса, бірақ басшылық нәтижені бәрібір талап етіп тұрса, қызметте қалу үшін өтірік айтудан басқа амал қалмайды.

Екінші жағынан, Ресей әскері көптеген жүйелі мәселесін шеше алған жоқ. Соның бірі – үлкен колоннамен шабуылдау әдеті. Қолайлы нысанаға айналасыз. Жақында Угледар түбінде де солай жасады.

Бірақ барлық деңгейде өтірік ақпарат берілуі негізгі мәселе болып отыр. Жақын арада өзгеруі екіталай.

Азаттық: Мәскеу нені жеңіс деп қабылдауы мүмкін? Ал Украина?

Роб Ли: Соғыс жалғаса береді деп ойлаймын. Келіссөзге ешқайсысы дайын емес. Ресейдің соғыс басындағы амбициялы мақсатын ескерсек, қолда бармен қайтады деп ойламаймын. Кремль мақсатын жағдайға қарап өзгертті, бірақ бастапқы амбициялы жоспардан ресми түрде бас тартқан жоқ. Ал осы бір жылдың ішінде Украина қоғамында Ресейді жау санау 24 ақпанға дейінгімен салыстырғанда әлдеқайда күшейді.

Сөйте тұра, егер Ресей қазір бақылап отырған аумақтарды сақтап қалып, сонымен шектелемін десе, бұл Путин билігі үшін қауіп төндіреді деп ойламаймын. Ол құрған жүйе жұмсалған күш пен алынған нәтиже сәйкес келмейді дейтіндердің үнін оңай өшіреді.

Украина болса оккупацияланған аумақтардың бәрін қайтарғысы келеді. Қырым да соның ішінде бар, бірақ бірінші кезекте – 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдайға оралу. Бастысы – Украина тәуелсіздігін сақтап қалар еді. Мұның өзі – жеңіс. Иә, белгілі бір межеде Украина соғыстан шаршағаны сонша, оккупацияланған аймақтардың кейбірін қайтара алмайтынына көнуі мүмкін. Мұның қашан болатынын, бұл кезде майдан сызығы қай жерден өтетінін білмеймін. Бірақ жақын арады болмайды. Тіпті Батыстың Украинаны қолдауы әлсіресе де, украиндер өз аумағын қайтаруға деген ерік-жігерін көрсетіп отыр. Жақын арада олардың бітім келісімі туралы өтініш естуіміз екіталай.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG