Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы(Organised Crime and Corruption Reporting Project, OCCRP) Дубайдағы инвестициялар мен жылжымайтын мүлік туралы зерттеуін жариялады. Өзге елдерден ерекшелігі – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жылжымайтын мүлік иелерінің реестрлері мүлде жабық ақпарат саналады. Атышулы "Панама құжаттары" сияқты бұл жолы да әлгі деректердің жарияланып кетуі көмектесті: OCCRP мен оның әріптестері Дубайдағы кәсіби риелторлар түзген жылжымайтын мүлік иелерінің жеке деректер базасын қолға түсірген. Онда саясаткерлер, бизнесмендер, футболшылар және бұрындары ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деп мәлімделген адамдардың аты-жөні кездеседі.