Accessibility links

Макеевкаға шабуыл: Ресей 89 әскериі қаза тапты дейді. Украина жүздеген адамның өлгенін айтады


Украина шабуылынан қираған Макеевкадағы училище. 3 қаңтар 2022 жыл.
Украина шабуылынан қираған Макеевкадағы училище. 3 қаңтар 2022 жыл.

Украина әскерінің Донецк облысы Макеевка елдімекеніндегі ресейлік әскерилер орналасқан казармаға жасаған ракеталық шабуылы – Ресейдің осы соғыста алған ауыр соққыларының бірі. Бұл шабуыл жайлы қазірге дейін не белгілі?

НЕ БОЛДЫ?

4 қаңтарда Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның Макеевкадағы казармаға шабуылынан қаза тапқандар саны 89 адамға жетті деп мәлімдеді. Бұған дейін Мәскеу 63 адамның қазасы жайлы айтқан еді.

Министрліктің хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында полк командирінің орынбасары, подполковник Бачурин бар. Ресей соғыс басталғалы осыншама адамынан айырылғанын алғаш рет мойындап отыр.

Украина әскері 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні, яғни сағат 00:01-де Донецк облысы Макеевка елдімекеніндегі №19 кәсіби-техникалық училищеге HIMARS кешенінен алты ракетамен шабуыл жасаған. Бұл туралы алдымен Донецкте Мәскеу тағайындаған шенеунік Даниил Безсонов хабарлады. Одан кейін бұл шабуыл жайлы кремлшіл телеграм каналдар мен "әскери журналистер" жаза бастады.

Ресей бақылауындағы Макеевкадағы училищеде мобилизацияланғандар орналасқаны да айтылды. Украиналық каналдардың жазуынша, қаза тапқандардың көбі – Самара облысынан мобилизация арқылы әскерге алынғандар. Мұны Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаров та мойындады.

Самара қаласында Макеевкада қаза болғандарды еске алу шарасы өтті. 3 қаңтар 2022 жыл.
Самара қаласында Макеевкада қаза болғандарды еске алу шарасы өтті. 3 қаңтар 2022 жыл.

Желіде тараған видеолардан ер адамдар түн ортасында Ресей президенті Путиннің жаңа жылдық құттықтауын тыңдап отырып, кенет жан-жаққа қаша бастағаны байқалады (видеолардың сол аймақта түсірілгенін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмады).

Reuters ақпарат агенттігінің таратқан фотоларында әскерилер орналасқан казарманың қатты бүлінгенін көруге болады.

"ЖАН-ЖАҚТЫҢ БӘРІ ЕТ ПЕН ҚАН"

Азаттықтың Север.Реалии жобасының тілшілері Макеевкадағы казармада болған самаралық үш еркектің әйелдерімен сөйлескен.

– Күйеуімнің атын жазбаңыздаршы, өтінемін, қорқамын. Ол училищеге алғашқы снаряд құлағанда шығып үлгеріпті. Күйеуім "жан-жақтың бәрі қан мен ет" деді. Барлығы төрт соққы естіліпті. Ол қалай қашып шыққанын өзі түсінбей отыр, оның полкіндегілердің көбі қаза тауыпты. Күйеуім жараланғандарды Ростов облысындағы госпитальға алып кеткенін айтады. Ал "жолы болып аман қалғандар" жартылай жалаңаш далада қалған, ас, тамақ, ақша жоқ, бәрі қираған, - дейді Север.Реалии жобасына сұхбат берген әйелдің бірі.

Тағы бір әйел "соққы жасалғанда күйеуім ғимараттан кездейсоқ шыққан екен. Әрең сөйлеп тұр, ұққаным, қалай да аман қалған. Барлығы 400 адам болған, көбі қаза тапқан екен. Неге 63 адам қаза болды (Ресей қорғаныс министрлігі кейін 89 адамның қазасын хабарлады – Ред.) дегенін түсінбеймін. Әлі де үйінді астын қазып жатқан шығар" деді.

Үшінші әйел мобилизацияланған күйеуінен хабар ала алмай отырғанын айтады.

– Ол бізден соңғы рет 30 желтоқсанда сөйлескен, жарылыстан соң онымен байланыса алмай отырмыз. Кейінгі уақытта ол түрлі нөмер арқылы хабарласып жүрген, қазір бөтен нөмер звандаса бірден көтерем. Күйеуім звандаған барлық нөмерге де қоңырау шалдым, жауап жоқ, – дейді ол.

ШЫНЫМЕН ҚАНША АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ?

Ресей қорғаныс министрлігі оқиғадан 36 сағат өткен соң ғана шабуыл жасалғанын мойындады. Ведомство 89 адам қаза тапты десе де, кремльшіл телеграм каналдар адам шығынын "жүздеген" деп көрсетіп жатыр.

Сарапшылар Ресей соғыс кезінде адам шығынын ылғи төмендетіп көрсететіне де назар аударады. Мәселен, Кремль сәуірде "Москва" кемесі батып кеткенде бір адам ғана қаза тапты деген.

Макеевкада шабуылға ұшыраған казарманың спутниктен түсірілген фотосы. 2 қаңтар 2022 жыл.
Макеевкада шабуылға ұшыраған казарманың спутниктен түсірілген фотосы. 2 қаңтар 2022 жыл.

Украина қарулы күштері Макеевкаға шабуылдан Ресейдің 400 адамы қаза тауып, 300 адам жараланды деп мәлімдеді. Ал казармаға шабуылдан кейін үйіндіні аршуға қатысқандардың бірі "Верстка" басылымына 200 адамның қаза тауып, 150 адам жараланғанын айтқан. Куәгер 200 адамның мәйітін өз көзімен көрдім деген.

Бірнеше ресейлік кремлшіл телеграм каналдар да "жүздеген адам" қаза болды деп жазды. Мәселен, Ресейдің билікшіл әскери каналы "Царьград" жергілікті чаттарда "жүздеген адамның" қазасы туралы айтылып жатқанын хабарлады. ФСБ құрылымының бұрынғы офицері Игорь Гиркин телеграмда "жүздеген адам қаза тауып, жараланғанын" жазды. Ол бұл жағдайға ресейлік генералдардың "салғырттығымен" байланыстырды.

РЕСЕЙ ІШІНДЕГІ РЕЗОНАНС

Жаңа жыл түні жасалған бұл шабуыл Ресейдің ішінде шу тудырды. Мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігінің жазуынша, Украина қарулы күштері ресейлік әскерилердің Макеевкадағы казармада отырғанын ұялы телефон сигналдары арқылы анықтаған. Бұл жайт та ресейлік әскери блогерлердің ашуын келтірді.

"Күткеніміздей, Макеевкада болған жағдайды мобилизацияланған әскерилердің өздеріне жаба салды. Көрдіңіздер ме, олар телефонын қосқан соң отырған жерлерін анықтап қойған екен" деп жазды "ЧВК Вагнер" жалдамалыларына қатысы бар Gray Zone телеграм каналы.

Бұл канал көп солдатты бір казармаға орналастырған командирлерді де айыптады. Ал Кремльге жақын "Справедливая Россия — за правду" партиясының лидері Сергей Миронов та телеграмда ашуға толы мәлімдеме жасап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG